15 нау, 2023 сағат 18:32

NYT: Қара теңізге құлаған АҚШ дроны Румыниядан барлау жүргізуге ұшып шыққан

Ресейлік жойғыш ұшақпен соқтығысқаннан кейін Қара теңізге құлаған америкалық MQ-9 Reaper дроны Румыниядағы базадан ұшып шыққан. Ол жоспарлы барлау жұмыстарын жүргізген. Бұл жөнінде АҚШ әскери саласының шенеунігіне сүйенген америкалық New York Times басылымы жазды, деп хабарлайды Азаттық.

Дереккөздің айтуынша, дрон Hellfire ракеталарын да алып жүре алады, бірақ оқиға кезінде онда ракета болмаған. Аппарат өз миссиясын 14 наурызда Украинаның Ресей аннексиялап алған Қырым түбегінің оңтүстік-батысынан шамамен 120 шақырым жерде атқарған. Сол жерде оны ресейлік екі әскери ұшақ ұстаған.

CBS телеарнасы дронның құлау сәтін модельдеп, эфир кезінде көрсеткен. Кадрдан истребитель аппаратқа төменгі жағынан жақындап, оған отын шашқаны көрінеді. Бұдан соң бұрамасын түртіп кеткен. Осыдан кейін MQ-9 Reaper дроны әуеде бірнеше рет аударылып, құлай бастаған.

АҚШ ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесінің өкілі Джон Кирби CNN арнасына берген сұхбатында Вашингтон аппараттың қалдықтары Америкаға ғана берілуге тиіс деп мәлімдеді. "АҚШ өз қауіпсіздігін қорғау шараларын қолға алды" деген Кирби мән-жайды нақтыламады.

Ресей қорғаныс министрлігі ресейлік истребительдер америкалық дронға тиген жоқ, дронның өзі транспондері өшірілген күйі ұшты деп мәлімдедіВедомство сонымен бірге дрон "әскери операция" (Ресей билігі Украинаға басқыншылығын осылай деп атайды) жүргізу мақсатында белгіленген әуе кеңістігінің шекараларын бұзған" деді. Ресей жағы дронның құлауына оның жылдам маневр жасауы себеп болған дейді.

Оқиға АҚШ президенті Джо Байденге хабарланған. Ресейдің Вашингтондағы елшісі Анатолий Антонов АҚШ мемлекеттік департаментіне шақырылды. Ол оқиғаны арандату деп атады. Дегенмен дипломат "Мәскеу Вашингтонмен текетіреске барғысы келмейді және прагматикалық қатынас орнатуға мүдделі" деді.

АҚШ мемлекеттік департаменті де Ресейдің әрекетін арандату деп атап, бұл "құзырет пен кәсібиліктің жоқтығын көрсетеді" деді.

MQ-9 Reaper – АҚШ қарулы күштеріндегі соққы жасайтын негізгі дрондардың бірі. Дрон әуеде 24 сағат және сағатына 400 шақырымға дейін ұша алады.