22 шіл, 2024 сағат 19:27

Олжас Бектенов батыс өңірлерде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлердің құрылыс жұмыстарын тексеруде


Фото:primeminister.kz

Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен еліміздің батысына барды. Басты мақсат – Мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексеру. 

Жұмыс кестесінен артта қалу байқалған Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының ауылдары мен кенттеріне баса назар аударылады (биылғы 17 шілдедегі Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Су тасқынынан кейін тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері жөніндегі кеңес).

Батыс Қазақстан облысында Үкімет басшысы Теректі ауданындағы Подстепное ауылында, Деркөл кентінде және Орал қаласындағы «Жұлдыз» ықшамауданында болды, мұнда жалпы саны 400-ге жуық тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Тексеру барысында алдағы суық мезгілді ескере отырып, жұмыс қарқыны мен тұрғын үй инфрақұрылымының қоныстануға дайындығын қамтамасыз ету мерзімдері бағаланды. 

Теректі ауданы Подстепное ауылында 3 бөлмелі 106 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жұмыс биылғы мамыр айында басталған болатын. Бүгінде іргетасын құю жұмысы толығымен аяқталды, 43 үйдің қабырғасы тұрғызылып жатыр,  62 үйдің шатыры жабылуда. Нысандарға 8 мердігер ұйым, шамамен 330 адам және 56 техника жұмылдырылған. Тамыз айының ортасында пайдалануға беру көзделген.