Фото: ашық дереккөз
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «R-Finance» микроқаржы ұйымы» ЖШС әрекеттерінен жосықсыз бәсекелестік белгілерін анықтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Өтініштер негізінде жүргізілген тексеру барысында компания «Біз бәсекелестерге қарағанда 15%-ға көп мақұлдаймыз» деген мазмұндағы жарнамалық SMS-хабарламаларды жаппай таратқаны белгілі болды. Алайда бұл ақпараттың шынайылығын растайтын нақты дәлелдер ұсынылмаған. Агенттік мәліметінше, мұндай хабарламалар 24 мыңнан астам ұялы байланыс абонентіне жолданған.
Тексеру кезінде тағы бір заңбұзушылық фактісі анықталған. Атап айтқанда, компания бәсекелес ұйым қызметкерлеріне клиенттерді «R-Finance» МҚҰ-на тартқаны үшін ақшалай сыйақы ұсынған. Бұл әрекет бәсекелес ұйымдарға залал келтіруі мүмкін деп бағаланды.
Тексеру қорытындысы бойынша департамент компанияға жосықсыз бәсекелестік белгілері бар әрекеттерді тоқтату туралы хабарлама жолдаған.
Қазіргі уақытта «R-Finance» микроқаржы ұйымы бұл талапты орындаған. Компания маркетингтік материалдарға ішкі аудит жүргізіп, жарнамалық қызметке қосымша бақылау тетіктерін енгізген.
