15 мау, 2022 сағат 17:18

Өмірзақ Шөкеев Ясауи кесенесінің бүлініп жатқаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді


Көгалдандырудан кесенеге келер қауіп жоқ. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қ.А.Ясауи кесенесіне қатысты әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан мәселеге өңір басшысы пікір білдірді.

«Мұндай пікірлер айтылып тұрады. Кесене аумағындағы 88 гектар жерге ешқандай ғимарат салынбайды. Тек көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі көгалдандырылған жерде бұрында әртүрлі гүлдер мен талдар егілген болатын. Біз сол жерге газон ектік. Артындағы топырағы шығып жатқан жерді ботаникалық бақ жасадық. Бұл - ЮНЕСКО-ның қарамағындағы кесене. Сондықтан барлық жобалар солармен келісіліп жасалады», - деді Шөкеев.

Сондай-ақ облыс әкімі Түркістанға келетін туристерге де жағдай жасалу керектігін жеткізді.

«Бізде ғалымдармен ақыласып жасаймыз. Ешқандай зиян келіп жатқан жоқ. Кейбір адамдар үйінде жатып, пікір айтады. Дәлелін айтсын, соған сай сөйлесетін боламыз» - деді Шөкеев.