Оңтүстік Кореяда 35 мың Қазақстан азаматы бар. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров брифингте айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгінгі таңда Оңтүстік Кореяда 35 мың Қазақстан азаматы бар. Оның ішінде заңсыз тұрып жатқаны - 12 мың адам. Біздің елшіліктегі консулдық есепте бар болғаны 848 адам бар. Азаматтарымыздың көбінің осындай әрекетке баруы өздеріне қиын. Төтенше жағдай болған жағдайда ол елдің қай жерінде тұрып жатқанын білмесек, қалай іздеп табамыз?», - дейді Айбек Смадияров.
Сонымен қатар, ҚР СІМ Қазақстан азаматтарына консулдыққа хабарласулары керек екендерін айтты.
«Заңды және заңсыз жүргеніне қарамай, біздің елшіліктің консулдық бөліміне хабарласуларыңызды сұраймыз. Бұл көп уақыт алмайды және тегін. Біздің консул күн сайын, үзіліссіз адам қабылдайды», - дейді ол.
Бұған дейін айтылып кеткендей, қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяда инфекция жұқтырғандар саны 1 595 адамға жетті. Сондай-ақ, бірінші наурыздан бастап коронавирусқа байланысты Қазақстан Оңтүстік Кореяға баратын әуе рейсінің санын қысқартады.