
Орал әуежайының ғимараты 6,6 млрд теңгеге қайтадан жаңартылмақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің айтуынша, «ҚПО б.в.» компаниясы арқылы әлеуметтік инвестициялар жобасы аясында құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.
Оның сөзіне қарағанда, жоба бойынша терминал алаңы 4 мыңнан 10 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылады.
Сондай-ақ сыртқы инженерлік желілер тартылып, іргелес аумақты абаттандыру, автотұрақ ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі. Аэровокзал терминалының технологиялық жабдықтары халықаралық стандарттар мен шекаралық және кедендік талаптарға сәйкес жаңғыртылады.
«Құрылыс-монтаж жұмыстарын жыл соңында аяқтау көзделіп отыр. Құрылыс құны – 6,6 млрд теңге», деді Ә.Антазиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында БҚО-да 9 көпқабатты тұрғын үй салынатынын жазған болатынбыз.
