Оралда тұрғын есірткіге елтіген күйінде 4 млн теңгенің автокөлігін айдап кеткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға теміржол вокзалы ауданындағы автотұрақта болды.
Белгісіз біреу 31 жастағы тұрғынға тиесілі «Тойота Эстима» автокөлігін айдап кеткен. Келтірілген залал 4 млн теңгені құрады.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 1982 жылғы тұрғын ұсталды.
Алдын ала тергеу барысында анықталғанындай, есірткіге елтіген күйінде автокөлікті айдаған. Сонымен қатар ол бұрын көлік басқару құқығынан айырылған болып шықты.
Автокөлік арнайы тұраққа қойылып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігіне (айдап кету) және 346-бабы 1-бөлігіне (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
