10 нау, 2023 сағат 17:11

Оралда қалалық соттың судьясы жұмыс орнында көз жұмды

Фото: "Мой город"

Орал қалалық сотының тергеуші судьясы Нұрлан Ғұбашев жұмыс орнында көз жұмды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Мой город" порталына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға бүгін таңертең болған.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қоңырау сағат 9:48-де түскен. 1968 жылғы ер адам жұмыста кенеттен өзін жайсыз сезінген. Жедел жәрдемді шақырған адамның айтуынша, Ғұбашев даусы қырылдап, ес-түссіз құлаған.

БҚО полиция департаменті ақпаратты растады. Марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ.

Азаттық радиосының жазуынша, Нұрлан Ғұбашев кейінгі жылдары Батыс Қазақстан облысы тергеу сотының төрағасы қызметін атқарған. Оның алдында өңірдегі ерекше ауыр қылмыс жасағандардың ісі қаралатын қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында істеген.

Сол жылдары аймақтағы "даулы істерді" қараған. Мысалы, 2016 жылы "көңілдесін өлтірмек болды" деп айыпталған Теректі ауданының бұрынғы әкіміне 11 жыл түрме жазасын берген.

2018 жылдың басында Ғұбашев "адам өлтірді" деп күдікке ілінген жасөспірім Даниил Романовты ақтап шыққан. Сол кезде адам өлімі болған түні жасөспірімнің танысына жіберген хабарламасы басты айғақ екені айтылған. Судья "жасөспірімнің адам өлтіргеніне бірде-бір дәлел табылған жоқ" деп ақтаған. Сот сайтындағы ақпаратқа қарағанда, ол бұл жерден 2018 жылы қыркүйекте кеткен.

Еске салайық, кеше Түркістан облысының 58 жастағы прокуроры Марат Әлиханов жұмыс орнында қайтыс болғаны хабарланған еді.