04 қаң, 2021 сағат 12:10

Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлері ерлікпен қаза тапқан әріптесінің отбасына құрмет көрсетті

Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлері ерлікпен қаза тапқан кіші сержан Берікжан Қалиевтің отбасына құрмет көрсетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы, подполковник Ерболат Сұлтановтың мәлім еткеніндей, 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбедегі лаңкестік шабуыл кезінде қаза тапқан Берікжан Қалиевтің отбасына ұландықтар арнайы барды.

Аяз ата мен Ақшақардың киімдерін киген әскерилер Берікжанның балаларымен кездесіп, олардың ән-өлеңдерін тыңдап, тәттілерін үлестірді.

Содан кейін 5517-әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Жәнібек Сәрсенов Б.Қалиевтің зайыбы Нұрсұлу Қалиеваны Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, азық-түлік себетін табыс етті.

«Біз қай уақытта да қызмет бабында қаза тапқан батыр әріптестерімізді ұмытпаймыз. Олардың ерліктерін кейінгі ұрпақ үшін үлгі етеміз», - деді Ж.Сәрсенов.

-Мен күткен жоқ едім, құттықтауларыңыз үшін рахмет.Жарымды еске алып, алтын уақыттарыңызды бөліп, келгендеріңіз үшін мың алғыс, - деді Н.Қалиева.

Ұлттық ұлан жауынгерлері сондай-ақ көп балалы және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды да назардан тыс қалдырмай, аралап, азық-түлік және күнделікті қажетті заттарды апарып берді.

 

Еске сала кетейік, Ақтөбедегі лаңкестік шабуыл кезінде 6655-әскери бөлімінің үш бірдей әскери қызметшісі, майор Даниэль Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев және қатардағы жауынгер Досбол Сапар қаза тапқан болатын.

Кейін олар Президент Жарлығымен екінші және үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған еді.

Б.Қалиев Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылында жерленіп, ескерткіш тақта орнатылды. Зайыбы Нұрсұлу мен төрт баласына Орал қаласынан үш бөлмелі пәтер берілді.