20 нау, 2024 сағат 15:57

Парламент вейптерге тыйым салатын заңды бекітті

Фото:freepik.com


Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына Сенаттың жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптарымен келісті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kazinformға сілтеме жасап.


Заң халықты сапалы және толықтай медициналық көмекпен қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу арқылы зиянды өтеуге мемлекет кепілдік берген пациенттердің құқықтарын іске асыру, медициналық мамандықтың мәртебесі мен беделін арттыру мақсатында әзірленді.


Айта кетейік, 14 наурызда Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын екінші оқылымда қарады. Сенат заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.


«Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті аталған заңның жекелеген баптарына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қарап шықты. Бұл тұрғыда, шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы үшін қылмыстық жауаптылық енгізілген. Осыған байланысты Сенат депутаттары аталған іс-әрекет үшін осы заңды әкімшілік жауаптылықты болғызбайтын нормамен толықтыруды ұсынды», - деді Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова.


Яғни вейптердің саудасы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп отыр.


Бұдан басқа, шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптердің тауар белгісінің элементтерін немесе атауын пайдалана отырып, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жарнамалауға, сондай-ақ шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптерге сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға бағытталған түрлі іс-шараларды, оның ішінде жүлделер ұтыс ойындарын, лотереяларды өткізуге тыйым салуды белгілеуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.


«Сенат депутаттары жекелеген баптарға енгізген өзгерістер мен толықтырулар осыған дейін Парламент Мәжілісі қабылдаған заңның тұжырымдамасын өзгертпейді және оның мазмұнын нашарлатпайды. Осы орайда аталған заңның жекелеген баптарына Сенат енгізген өзгерістермен келісуді ұсынамыз», - деді депутат.