25 шіл, 2025 сағат 18:05

Павлодар облысында әлеуметтік салаға бөлінген жарты миллиард теңгеден астам қаржы талан-таражға салынған

Фото: ашық дереккөз

Павлодар облысының прокурорлары халықты қолжетімді интернетпен және тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында орын алған кең көлемдегі сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтады, деп хабарлайды Ult.kz.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, мемлекеттік аппаратты цифрландыру мен әлеуметтік саладағы жобалардың іске асуын тексеру барысында лауазымды тұлғалар тарапынан мемлекетке жарты миллиард теңгеден астам залал келтірген заңбұзушылықтар әшкереленген.

Мәселен, ақпараттандыруды дамыту өңірлік орталығына жүргізілген тексеру нәтижесінде 110 млн теңге бюджет қаржысы нақты көрсетілмеген қызметтер үшін заңсыз төленген. Атап айтқанда, ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту мен жер және сәулет саласындағы цифрландыру тек «қағаз жүзінде» орындалған.

Сондай-ақ Ақсу қаласында әлеуметтік тұрғын үй құрылысы аясында 450 млн теңге сомасында тауарлар мен жұмыстар үшін жалған мәліметтер негізінде мердігерге төлем жасалғаны белгілі болды. Нысан әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген.

Қазір бұл деректер бойынша істі облыстың арнайы прокурорлары тергеп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне орай өзге мәліметтер жарияланбайды.