05 там, 2019 сағат 04:26

Павлодар облысында үш айда 9,3 мың адам жұмыссыз қалды

Павлодар облысында үш айда 9,3 мың адам жұмыстан шығып қалды. Олардың басым бөлігі өз еркімен және еңбек тәртібін бұзуына байланысты қызметінен кеткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Статистика департаментінің мәліметіне сәйкес, биылғы II тоқсанда облыстың ірі және орта кәсіпорындары мен ұйымдарына 9,1 мың адам жұмысқа қабылданып, 9,3 мың адам түрлі себептермен қызметінен босаған. Олардың 90 пайызы өз еркімен және еңбек тәртібін бұзғаны үшін, 1 пайызы персонал санының қысқартылуы мен кәсіпорынның таратылуына байланысты жұмыстан кеткен. Лауазымына немесе орындап отырған жұмысына сәйкес келмеуі, біліктілігінің жетіспеуі, сондай-ақ басқа себептермен - 9 пайызды құрады.

Облыс бойынша жұмыс күшін алмастыру коэффициентi 98,2 пайызға жетті. Қабылдау бойынша айналым коэффициенті 6,3 пайызды, жұмыстан босатылу бойынша айналым коэффициенті – 6,4 пайызды, жұмыс күшінің тұрақсыздық коэффициенті – 5,7 пайызды құрады.