07 мау, 2021 сағат 17:38

Павлодарды маса мен шыбын-шіркей буып тұр


Өңірлік коммуникациялар қызметінде дезинсекциялық жұмыстардың аралық қорытындысы сөз болды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz сайты.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев мәлім еткендей, ғылыми топтың ұсынысы бойынша қансорғыш жәндіктердің дернәсілдерін улау жұмыстары 1 мамырда басталған.

- Бүгінгі күні «Бактицид» биопрепаратының 62 тоннасы, химиялық препараттың 1907 литрі пайдаланылды, - деді Қадылжан Сәтиев. – Өңделген алқаптың ауданы 26 мың гектардан асты. Барлық жұмыстар жер қойнауын пайдалану басқармасы, ғылыми топ пен арнайы құрылған жұмыс тобының қадағалауымен жүргізілуде.

Шенеунік облыстағы шыбын-шіркейдің таралуына қатысты жағдайға баға беруден бас тартқанымен, олардың биыл көптігін мойындады. Оның себебі ретінде Қадылжан Сәтиев биылғы Ертіс өзеніндегі табиғи су жіберу мерзімінің кеш басталғанын алға тартты. 

- Қалай болғанмен жұмысымызға халық өз бағасын бере жатар, біз қолымыздан келгенін жасап жатырмыз, - деді Қадылжан Сәтиев. – 28 мамырдан бастап қаладағы саябақтарды қолға алдық. Мердігер қосымша 2-3 бригаданы көмекке алды. Жұмыс жалғасуда. 

«ТЕК.А.ТЕК.kz» ЖШС-ің ғылыми тобының жетекшісі Дәулет Ибраев айтып өткендей, бүгінде маса мен шіркейдің дернәсіліне қарсы жұмыс аяқталуға жақын. Ғылыми топтың болжамынша жақында жағдай жақсармақ.