19 ақп, 2025 сағат 13:19

Перизат Қайраттың ісі жаңа эпизодтармен толықты

Фото: ашық дереккөз

Өткен жылдың қараша айында 1,5 млрд теңге жымқырды деп күдікке ілінген Перизат Қайраттың ісі жаңа фактілермен толығып жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Қаржы мониторингі агенттігінің өкілі Жеңіс Елемесовтың айтуынша "Біз біргеміз" қорының жетекшісі мүгедек балаларға жиналған 22 млн теңгені қалтасына басыпты. 

"Мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап оңалту орталығын саламыз деп жұрттан жылу жинаған Перизат әлгі ақшаны жеке қажетіне жұмсаған", - дейді Елемесов. 


Ол Перизат Қайраттың ісі бойынша басты күдікті өзі мен анасы екенін айтты. Анасы алаяқтыққа сыбайлас болып, қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастырды деген күдікке ілінген.

Перизат Қайратқа "алаяқтық" және "қылмыстық жолмен тапқан қаражатты заңдастыру" бабы бойынша айып тағылып отыр. Агенттік өкілдерінің хабарлауынша, іс наурыз айында сотқа беріледі. Әзірге күдікті қамауда отыр, сот оның бұлтартпау шарасын ұзартқан. 

Тергеушілер іс материалдарының көлемі 100 томды құрайтынын айтады. 

Перизат Қайрат былтырғы жылдың қарашасында қамауға алынған. Тергеу мәліметінше ол көктемгі тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында қаражат жинағанмен, ақшаның басым бөлігін жылжымайтын мүлік пен қымбат бұйымдар сатып алуға жұмсаған.