
Петропавлда «Рай» мейманхана-кешені өртеніп, өрт сөндірушілер 30 адамды эвакуациялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 101 пультіне Петропавлдағы Н.Назарбаев көшесі 221 мекенжайында орналасқан мейманхана-кешенінде өрт шыққандығы жөнінде хабарлама сағат 9-дан 18 минут кеткенде түскен. «Рай» мейманхана-кешені 5 қабатты тұрғын үйдің, бұрынғы жатақхананың бірінші қабатында орналасқан.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер арнайы баспалдақпен 30 адамды, соның ішінде 5 баланы эвакуациялады. Мейманханадан 2 адам өздігінен қауіпсіз жерге шықты.
Өртті сөндіру барысында мамандар 50 литрлік газ баллонын алып шықты. Сағат 10.30 шамасында өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
Мамандардың айтуынша, өрт кешеннің саунасынан шыққан. 15 шаршы метр аумақ зақымданды. Алдын ала болжам бойынша, өрт - отты абайсыз пайдаланудан шыққан. Әзірге нақты себебі мен келген шығын мөлшері белгісіз.
