29 ақп, 2024 сағат 10:16

Поллиноз: маусымдық аллергия кезеңіне дайындық


Көктем басталуымен, қазақстандықтар жаңа мезгілдің келуі мен жылы ауа-райының орнауына қуануымен қатар, әр жылы орнайтын маусымдық аллергия кезеңін қауіппен күтіп отырады. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесі бойынша, еліміздегі тұрғындардың шамамен 30-35%-ы маусымдық аллергияның ең таралған түрлері – поллиноз, бронхолық демікпе, аллергиялық ренитке шалдығады.

Астана қаласының №6 поликлиниканың аллерголог-иммунолог дәрігер Гулмира Сыргабековамен сұхбат барысында, “маусымдық аллергияның белгілеріне мұрын және көз қышуы мен қызаруы, жиі түшкіру, мұрнынан су ағуы, құлақтың іші мен тамақтың жыбырлауы және құрғақ жөтел жататынын” біле алдық. Сонымен қатар, поллиноздың бастапқы фазасында адамдардың суықтағанның белгілері деп қате тұжырымға келуі мүмкін болғандықтан, адам суықтаған кезде өзін әлсіз сезіну және дене температурасының жоғарлау белгілері де қосылатынын ұмытпауы қажет.

Маусымдық аллергияның түрлері мен себептері

“Маусымдық аллергияның ең көп таралған түрі – шөп безгегі, яғни поллиноз. Өсімдік әлемінің ішінде оның 100-ге жуық өкілі ғана шөп безгегін тудыруы мүмкін. Тозаңдары аллергия тудыратын өсімдіктердің 3 тобы бар: жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар, арамшөптер және дәнді дақылдар” – деді Гулмира Сыргабекова.


Маусымдық аллергияның негізгі себептеріне тоқталсақ, поллиноз, көбінесе, шөп тозаңынан туындайды. Ол көктем, жаз айларында өсімдіктердің гүлдеп, тозаң шашатын кезеңінде пайда болып, күзге дейін созылады. Бұл уақыт аралығы аллергиктер үшін аса қауіпті кезең болып саналады.

Маусымдық аллергия кезеңінде ұстанатын басты қағидаттар

Мүмкіндігінше көшеге серуендеу уақытын, әсіресе желді немесе ыстық, шуақты ауа-райында, азайту өте маңызды. Көшеден үйге келген сайын қол мен бүкіл денені мұқият жуу керек. Дәрігердің айтуы бойынша, жуу барысында, аса назар аударатын дене мүшелерінің бірі – шаш, себебі күні бойы шашта аллергия тудыратын тозаң жиналуы мүмкін.

Сырттан келген уақытта киімде тозан іздерінің қалып қоятынын ұмытпай, оны жиі ауыстырып отыру жөн. Таңғы 5 пен 9 сағат аралығында тозаң өндірісінің белсенділігіне назар аударып, үйде терезелердің жабық болуын қадағалап жүру керек.

Ағзаны маусымдық аллергиялық реакцияларға дайындау

Гүлдену мезгілінен бірнеше ай бұрын иммундық жүйені нығайтып, сондай-ақ денені гельминтикалық инвазиялардың бар-жоғына тексеру қажет. Олар ағзаның аллергенге сезімталдық жылдамдығын айтарлықтай арттырады.

“Сонымен қатар, диета сақтау аса маңызды қадам. Мысалға алсақ, гүлденген арамшөптердің (жусан) тозаңына аллергия келесі өнімдерді тұтынған кезде пайда болуы мүмкін: күнбағыс, асқабақ тұқымдары, халва, өсімдік майлары, жеміс-жидектердің кейбір түрлері, бал, майонез және т.б. Ал гүлденетін ағаштардың тозаңдарына маусымдық аллергия болған жағдайда – жаңғақтың барлық түрлерін, ағаштарда өсетін жемістер – алмұрт, алма, өрік, шие және т.б. қолдануға болмайды. Дәнді дақылдардың тозаңына аллергия болса – сұлы жармасы, күріш, бидай ботқасы, кофе, какао, ет және балық өнімдерін қабылдауға шектеу қойылуы тиіс” – деп түсіндірді дәрігер.


Маусымнан кейін аллергендердің шағын дозаларымен диагностика және спецификалық иммунотерапия жүргізіледі. Бұл емдеу арқылы дене аллергендерге бейімделіп, келесі маусымды толық қарулы түрде қарсы алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Гулмира Сыргабекова аллергияның өршуі кезінде дәрігердің кеңесін толықтай қолданған жағдайда аллергиялық реакциялардың жиілігі мен қарқындылығын төмендетуге болатынын атап өтті.

Автор: Ақбота Қабдолла