Коллаж ozgeris.info
Белгілі композитор Арман Дүйсеновтің жұбайы Айсұлу Айданқызы, күйеуі қай жерде қайтыс болғаны туралы нақты мәлімет берді. Ол бұл туралы журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұған дейін кейбір ақпарат көздері, соның ішінде әнші Индира Елемес, Арман Дүйсеновтің студияда қайтыс болғанын айтқан еді.
Айсұлу Айданқызы бұл ақпараттың жалған екенін атап өтті:
«Студияда қайтыс болған жоқ. Мен оған хабарластым, неге ондай сұхбат бердіңіз деп сұрадым. Ол кісі жауап бермей, ұрысып кетті», – дейді Айсұлу Айданқызы.
Оның айтуынша, күйеуіне тиесілі зауытта қайтыс болған.
«Арманның жүрегі тоқтап қалды деп айтты. Сәкен, Мейрамбек, Ринат Зайытов ағалар келді. Тәуелсіз сарапшы шақырғанда денесінде ешқандай жарақат болмады», – деді ол.
Ұлы Абылайдың өлімі: тың деректер ашылды
Марқұмның әйелі Абылайдың өліміне қатысты жаңа мәліметтерді де жариялады. Журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында ол оқиғаның өз-өзіне қол салу сценариіне мүлде сәйкес келмейтінін айтты.
«Абылайды өз пәтерімізден көрдім. Екі қолы арқасына байланған, аяғы жерде тұр, мойнынан аспалы шамға сүйеп қойған. Ол асылып тұрған жоқ», –дейді анасы.
Анасының айтуынша, қолы арқасына байланған жағдайда өздігінен өлімі мүмкін емес:
«Қолды артқа байлап, өз-өзіне қол салу мүмкін емес», – деп нақтылады ол.
Бастапқыда бұл іс кісі өлтіру бабымен тіркелген, кейін белгісіз себептермен өзгертілген. Айсұлу Айданқызы тергеушілердің қылмыскерлерді іздемей, тек онымен күресіп жүргенін жеткізді.
Пәтер дауы мен материалдық мәселелер
Айсұлу Айданқызы композитор отбасының материалдық дауы мен пәтер мәселесі туралы да айтты.
«Пәтердің нақты бағасы – 140 миллион теңге. Ал Мұқаш Санжар «65 миллион бердім» дейді. Сол кезде неге бүтін пәтерді өз атына аударғысы келеді? Маған ақша табу керек деді», – деді Айсұлу Айданқызы.
Ұлының қырқына толмай жатып, әлгі адам пәтерді босатуды талап еткен.
«Абылайдың қырық күні өтпей жатып, телефоны әлі ашылмаған еді. Сол кезде досы арқылы хабар жіберіпті: «40 күн өтсін, сосын пәтерді босатсын» деді. Мен Санжармен сөйлестім, ол: «Иә, босатыңыз. Ақша табуым керек» деді. Еш ұялмады», – деп нақтылады марқұмның әйелі.
Әнші Индира Елеместің айтары...
Осы орайда әнші Индира Елемес Instagram парақшасында марқұм сазгер Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызына қатысты жазба жариялады. Әншінің сөзінше, сұхбатта оның сөздері бұрмаланған, салдарынан қоғамда қате пікір қалыптасып отыр.
«КТК арнасын неге қазбаламайсыздар? Менің аузымнан “студияда қайтыс болды» деген сөз шықпады. Айсұлу, олай бұрмалаудың қажеті жоқ. КТК арнасы барлық видеоны көрсетсін, сонда қалай айтылғанын көресіздер. Жетер енді, не үшін бұл жерде тұрды күйеуіңіз, соны айтпадыңыз ба? Менің айтпаған сөзіме айналып келіп қадала бермей, өз өміріңізді сүріңіз. Не айтса да, нақты фактпен сөйлесін!» – деп жазған ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның белгілі сазгері марқұм Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы «TalkLike» бағдарламасына берген сұхбатында композитордың өліміне қатысты сауалдарға алғаш рет ашық жауап беріп, композитордың жертөледе емес, зауытта көз жұмғанын айтқаны айтқан еді.
