03 сәу, 2024 сағат 13:30

Премьер-Министр: Саран тәжірибесі бойынша индустриялық аймақтар құру қажет


Фото: gurk.kz


Үкімет отырысында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов моноқалалар әкімдіктеріне кәсіпкерліктің өсуі үшін жағдай жасауды тапсырды. Бұл тәсілдің тиімді екенін Саран қаласы үлгі ретінде көрсетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".


Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, өңірде 2021 жылы Индустриалдық аймақ құрылғаннан кейін оң динамика байқалды: қала бюджетіне түскен салықтық аударымдар 4,5 есеге артты, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды және көлік құралдарын, автомобиль дөңгелектерін, полиэтилен құбырларын, тұрмыстық техника шығаратын бірқатар өндіріс орындары ашылды.


«Саран қаласы айтарлықтай түрленді. Даму көрсеткіштері жоғарылады», – деді Олжас Бектенов.

 

Ұлттық экономика министрлігінің жоспарына сәйкес, осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыру үшін еліміздің бірнеше моноқаласында өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтарды құру көзделген. Сондай-ақ бүгінде Ақтөбе, Қарағанды және Атырау облыстарының әкімдіктері тиісті жобаларды жүзеге асырып жатыр.