05 мам, 2020 сағат 04:41

Президент қашықтан білім беріп жатқан ұстаздар қауымына ризашылық білдірді

Шәкірттеріне қашық­тан білім беріп жатқан ұстаздар қауымына ризашылық білдіремін. «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

«Биылғы 6 сәуірден бастап мектеп оқушылары қашықтан оқытыла бас­тады. Індеттің таралуына жол бермеу үшін осындай қадамға бардық. Екінші жағынан, бұл – заман талабы.

Интернет жылдамдығы әртүрлі болғандықтан, қашықтан оқытудың бірнеше жолы ұсынылды. Атап айтқанда, телесабақ, интернет-платформадағы сабақ ұйымдастырылды. Интернет байланысы жоқ 57 елді мекенде тұратын оқушылар пошта қызметі арқылы оқу үдерісін жалғастырып отыр. Жергілікті атқарушы органдар мұғалімдер мен оқушыларды компьютермен, мобильді интернетпен қамтамасыз етуде. Үкімет қорынан байланыстың мүмкіндіктерін арттыру үшін қаражат қарастырылды. Осының нәтижесінде қашықтан оқыту қазір қалыпқа түсті», - деді Қ.Тоқаев. 

Мемлекет басшысы атап өткендей, соңғы жылдарда қашықтан оқыту тәсілі жаһандық үрдіс ретінде қалыптасты. Әлемнің көптеген жоғары оқу орындары бұл әдісті кеңінен қолданып келеді. 

«Мұның артықшылығы да, кемшін тұстары да бар. Әсіресе қазіргідей карантин жағдайында бұған балама жоқ. Сондықтан алдағы уақытта оны жетілдіре түскен жөн. 

Биылғы оқу жылы ойдағыдай аяқта­лады деп ойлаймын. Оқу үлгерімін баға­лауға қатысты еш қиындық туын­дамауы тиіс. Әрине оқушылардың өз мұға­лімдерімен және құрбыларымен жүздесіп, әдеттегідей сабақ оқығанына не жетсін. Бұл – уақытша қиындық. Бұған түсіністікпен қарап, шәкірттеріне қашық­тан білім беріп жатқан ұстаздар қауымына ризашылық білдіремін», - деді Қазақстан Президенті.