Фото: Ақорда
Ақордада әйгілі альпинист Ерванд Ильинскийге жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен әлем альпинизмінде аты аңызға айналған тұлғамен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Өзіңіздің зор қажыр-қайратыңыз бен аса жоғары кәсібилігіңіздің арқасында Қазақстан Республикасының көк Туы Жер шарының асу бермес асқарларында желбіреді. Әлемнің ең биік нүктелерін бағындырған тәжірибелі шыңға өрмелеуші, халықаралық турнирлердің жеңімпазы ретінде дүние жүзіне даңқыңыз жайылды. Эверестке шығып, беделді «Жеті шың» клубына мүше болған алғашқы қазақстандық атандыңыз. Сізді елімізде альпинизм мектебінің негізін қалаушы ретінде құрметтейді. Отандық мектеп Қазақстанның жаһандық брендіне айналды. Сізден бір шоғыр альпинист-спортшылар тәлім алды. Олардың қатарында әлем рекордын жаңартқан, чемпион атанған, халықаралық альпинизм қозғалысының элитасына кірген мықтылар баршылық, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ерванд Тихоновичтің асыл қасиеттері мен адамдарға, әсіресе, альпинистерге деген шынайы қамқорлығын жоғары бағалады.
– Құрметті Ерванд Тихонович Ильинский сияқты азаматтар – қоғамның тірегі, ерлік пен еңбекқорлықтың, төзімділіктің жарқын үлгісі. Сондықтан мен сізге альпинизмдегі аса үздік жетістіктеріңіз, сондай-ақ ел спортының дамуына қосқан елеулі үлесіңіз және белсенді қоғамдық қызметіңіз үшін жоғары ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Бүгін осы награданы өзіңізге зор құрметпен тапсырамын. Ерванд Тихонович, сізге мықты денсаулық, бақ-береке, мол табыс тілеймін! Альпинистер арасында «Өзіңізді сақтаңыз!» деген сөз жиі айтылады. Сізге және жаныңызда жүріп, серік болған шәкірттеріңізге осы тілекті арнағым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ерванд Ильинский атқарған қызметіне жоғары баға беріп, отандық альпинизмге айрықша көңіл бөлгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
– Мұны Қазақстан альпинистер қауымы жеткен жетістіктердің мемлекет деңгейінде танылуы деп түсінемін. Шын мәнінде, біздің табысымызды шетелдік альпинистер де мойындайды. Осыған куә болғаныма қуаныштымын, – деді ұлттық құраманың тәлімгері.
