09 нау, 2023 сағат 13:47

Президент сенімінен айырылған мемлекеттік қызметкерлер жұмыстан шығарылады

Сурет: baq.kz

Сенат мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс енгізуді көздейтін заңды қабылдады. Оған сәйкес, Президент сенімінен айырылған мемлекеттік қызметкерлер жұмыстан шығарылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың айтуынша, бұл норманы тек Президенттің өзі ғана қолданады. Себебі сенімінен шықпаған мемлекеттік қызметкерді өзі тағайындайды.

"Мысалы, қазір бізде саяси мемлекеттік қызметшілер өз қалауымен кетеді немесе Президенттің шешімімен отставкаға жіберіледі. Ал "сенімді жоғалтты" деген ұғым заңда болмаған. Сондықтан алдағы уақытта өзіне жүктелген міндетін орындамаған мемлекеттік қызметкер "сенімді жоғалтты" деген нормамен жұмыстан кетеді. Сондай-ақ 3 жылға дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынады ", - деді Жазықбаев журналистерге берген сұхбатында.

Агенттік төрағасының сөзіне қарағанда, отставкаға кеткен шенеунік басқа жерге оп-оңай жұмысқа тұра алады. Ал сенімінен айырылса, үш жылдық шектеу болады.

Айта кетері, бүгін Сенат заңды бірден екі оқылымда мақұлдады. Заңда ротация жүргізу шаралары да қарастырылған. Оған сәйкес, мемлекеттік қызметкерлер өңірлерге барып жұмыс істейді.