24 нау, 2021 сағат 13:46

Президент тапсырмасы: Бұқтырмадағы көпір құрылысы қалай жүргізілуде?

Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы жүргізіліп жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Шығыс Қазақстандағы Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғайтын «Қызыл ту» өткеліне көпір салынатыны белгілі. Биыл осы мақсатта облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген болатын. 

«Бүгінгі таңда арнайы техникаларға арналған жол төселген. Дәнекерлеу және басқа да жұмыстарды үздіксіз атқару үшін бағандар орнатылып, электр желісі тартылды. Ауыр жүк техникаларымен жағалаудағы аралға топырақ тасу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Суға арналған скважиналар бұрғыланып, ауызсумен қамтылған. Көпір салу бойынша жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес атқарылатын болады», – деп хабарлады Күршім ауданының әкімдігі. 

Сондай-ақ, көпір құрылысын жүргізетін жұмысшылар үшін 250 орындық жатақхана қалашығының құрылысы басталған. Қазірде ғимараттың қаңқасы қаланып қойды. 

Айта кетейік, көпір құрылысы бойынша өткен конкурстың жеңімпазы болып «ОблШығысЖол» компаниясы атанған болатын.