02 ақп, 2023 сағат 18:03

Прокуратура PlayStation ойын аппаратын сатып алмақ болған әкімдіктің әрекетін заңсыз деп тапты

Фото: elements.envato.com

Прокуратура Текелі қаласы әкімдігінің әрекетін заңсыз деп тапты. Тексеріс жүргізу барысында әкімдікке жергілікті мәдениет үйіне Sony PlayStation 5 ойын құрал-жабдығын сатып алуға рұқсат берілмеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ойын аппаратын Мәдениет үйінде ашылып жатқан балалар бөлмесіне орнату жоспарланған болатын. Шенеуніктер алдын ала орнатылған ойындары бар құрылғымен қатар, зарядтау станциясы мен геймпад та сатып алмақ болған.

Прокуратура мемлекеттік қаражатты мұндай ұтымсыз пайдалануды лауазымды тұлғалардың функционалдық міндеттеріне адал қарамауы және жергілікті атқарушы орган басшылығы тарапынан бақылаудың жоқтығы деп бағалады.

«Қала прокуратурасы мемлекеттік сатып алуды жүргізудің заңдылығымның сақталуына талдау жүргізді. Талдау барысында #9058114-1 хабарландыру бойынша «Текелі қаласы әкімінің мәдениет үйі» МКҚК ойын консолін сатып алу кезінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 21-бабының талаптарын бұзу дерегі анықталды, онда сатып алынатын тауарға техникалық ерекшелікте сауда белгілері көрсетілген», - деді Жетісу облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Жалпы, прокурорлар аталған деректі бюджет қаражатын қисынсыз ысырап ету деп бағалады. Қадағалау органы сатып алуды ресми түрде жойып, жергілікті билік органдарына мәмілені тоқтатуды, сондай-ақ кінәлілерді тәртіптік жазалауды ұсынды.

«Осылайша, қала прокуратурасы аталған сатып алудың күшін жоя отырып, заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді. Сонымен қатар бұл сатып алу қала тұрғындарының көңіл күйіне теріс әсер етті және сайлау алдында  бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы жағымсыз пікір тудырды», - деді ведомстводан. 

Аталған мәміле қаңтардың соңында жасалған болатын. Ойын аппараты қала әкімдігіне 600 мың теңгеге түскен. Тендерді ұтқан компания Play Station 5 префиксін және теледидарды ақпан айында әкеліп орналастыруы тиіс болған. Текелі қаласының әкімдігі jнсыз да телефон мен компьютерден бас алмайтын балаларды бұлайша тәрбиелеу амалын «Балалардың моторикасын дамытамыз» деп түсіндірген еді.