22 мау, 2022 сағат 15:58

Ресейде әуе шабуылынан мұнай өңдеу зауыты жарылды - видео


Украина шекарасына жақын Новошахтинск қаласындағы ресейлік мұнай өңдеу зауытында өрт шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Желіде оқиғаның видеосы тарады. Кадрлардан ұшқышсыз басқарылатын ұшақтың зауытқа қалай соғылғанын көруге болады.

Назар аударыңыз, видеода былапыт сөздер айтылған!

"Сағат 9:25-те Красносулин ауданында орналасқан Новошахтинск мұнай өнімдері зауытының АВТ-1 (жылу алмастырғыш) қондырғысында, ФАД А-270, 882-шақырымда өрт шыққаны туралы ақпарат келіп түсті. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ", - делінген облыс бойынша ТЖМ хабарламасында.

Сондай-ақ, мұнай өңдеу зауытындағы өрт аумағы 50 шаршы метр болғаны, өрттің таралу қаупі жоқ екені айтылған.

"Новошахтинский мұнай өнімдері зауыты" - Ростов облысында жұмыс істеп тұрған жалғыз мұнай өңдеу зауыты. Зауыт мазут, пеш, кемеге отын және дизель отынын, бензин өндіруге мамандандырылған.