14 мам, 2026 сағат 16:00

Режеп Тайип Ердоған «Қожа Ахмет Ясауи» орденінің алғашқы иегері атанды

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоған Қазақстанның ең жоғары рухани марапаттарының бірі – «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысы Түркия көшбасшысының түркі әлемінің бірлігі мен халықаралық саясаттағы рөлін ерекше атап өтті.

Президенттің айтуынша, Режеп Тайип Ердоған – өз халқын өркендеу жолына бастап келе жатқан әлемдік деңгейдегі саясаткер.

– «Президент Ердоған – жаһандық саясатта әділдік пен жауапкершілік қағидатын табанды түрде қорғап жүрген аса көрнекті қайраткер. Сіздің “Әлем бестен үлкен” атты тұжырымдамаңыз баршаға белгілі. Бұл халықаралық қатынастар жүйесіндегі теңсіздікке қарсы айтылған батыл үндеу екені сөзсіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы Ердоғанның Түркі мемлекеттері ұйымын нығайтуға қосқан үлесін де жоғары бағалады.

Режеп Тайип Ердоған Түркістанның пірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы ерекше орденнің алғаш рет өзіне берілгеніне қуанышты екенін жеткізді.


– Бұл орденді Түркия Республикасы және түрік ұлтына деген ілтипатыңыздың белгісі деп қабылдаймын. Осы орайда елдеріміз арасындағы бауырластықты бекемдеу бағытындағы көреген саясатыңыз үшін Сізге, құрметті бауырым, алғыс айтамын. Бауырластығымыз, достығымыз лайым мәңгі болсын! – деді Түркия Президенті.