17 там, 2016 сағат 09:42

Рудың мағынасы және оны не үшін білуіміз керек?

«Ру шежіресін білу – сахара төсінде көшіп-қонған қазақтар үшін өмірлік қажеттілік. Қазақ халқының ру-тайпалық, жүздік-қауымдастық біртұтас бітімі ғасырлар бойы «бүкіл қазақ – бір атаның ұрпағы, бір тамырдың бұтағы» деген ұстаным бойынша өсіп-өркендеп отырған»  (Қазақ Республикасының Президенті Назарбай Нұрсұлтан Әбішұлы).

«Атасы алыс болғанмен

Жамиғи қазақ бір туған» (Базар жырау. (1842-1911).

Алайда, бүгінгі таңда Дарвин ілімінен «мұздай қаруланған» кейбір азаматтарымыз руын (атасын) білуді, оны айтуды – мақтану және Руға бөліну деп, оның пайдасынан зияны көп деп есептейтіндерін бәрімізде кездестіріп жүрген болармыз.

Ақиқатында, Атам Қазақтың шежіре жасау жүйесінің мынадай сыры бар. Ежелгі Аталарымыз біздерге “Тегін білмеген тексіз, жеті атасын білмеген жетесіз”, “Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер, жеті атасын білмеген құлағы мен жағын жер” мақалдар қалдырған. Бұл мақалдардың бізге айтып тұрғаны, бірінші тегіңді біл дейді. Ал, тек дегеніміз бұдан сан мыңдаған жылдар бұрын ғұмыр кешкен арғы ата-бабаларымыз. Ал, жеті атаң өзіңнен бастап санағандағы тікелей жеті атаң. Мұны әрбір қазақ баласы жатқа біліп әрқашанда дұғасын жолдап отырулары керек. Өздеріңіз ойлап қараңыздар, сіздер де, мен де бұдан 70 000 жыл (шежірелерде солай жазылған) бұрынғы сонау түп атамыз Адам Ата мен Ауа анадан бері үзіліп қалмай жалғасып келеміз. Үзіліп қалсақ, сіздер де, мен де бұл дүниеге келіп, сіздермен бұлайша сұхбаттасып отырмаған болар едік. Сондықтан тікелей жеті ата ру ішіне кірмейді, ол бөлек аталады. Ал ру аты сол сан мыңдаған жылдар бұрынғы аталарымыздың ішіндегі еліне жасаған жақсылығы, данышпан-даналығы, батырлығы, әулиелігі т.т. сияқты ұрпағына үлгі болып, ру атын иемденген аталарың. Ол аталарыңның әрқайсысының аралары сан ғасырларға кетуі мүмкін. Ол сол соңғы ру атын иемденген аталарыңнан кейінгі, еліне жасаған жақсылығымен тағы да ұрпағы мақтанып, ру атын тағы да иемденген атаңның дүниеге келуіне байланысты. Бұлай болған жағдайда соңғы Ру атын иемденген атаң, соңғы атаңның артына тіркеліп айтылады. Арты осылай жалғасып кете береді. Қазақта ру атын иемденуден артық атақ, мадақ, абырой, дәреже жоқ. Оны қазіргі «Халық батыры» атағымен ғана шамалы салыстыруға болар. Бірақ, бұл атақ адамның өзімен бірге келіп, өзімен бірге кетеді. Ал ру атын иемденген атаның аты ұрпақтары үшін мәңгі жасайды. Ол есім сол атаның ұрпағы жазатайым (ешкімнің басына бермесін) түгел жоқ болып кетпесе, мәңгі өлмейді. Атам қазақтың рулық шежіре жасау жүйесі осылай оқылады.

Қазақтың «Руың кім?» дегені, ол сенің «Ел танитын атаңның аты кім?» дегені. Қысқасы руыңның аты, сенің көп аталарыңның ішіндегі ең танымал атаңның аты.

Мұны күні кешеге дейін қазақтың бес жасар баласына дейін білген. Бізді бұдан айырған мектеп оқулығымызға «сенің атаң маймыл (айуан)» деп жазып берген кешегі еврейлік КСРО үкіметінің билігі.

Руын білу қазақ баласы үшін аса қажет. Тарихқа үңілсек, Ұлы Жаратушы – Алла Адам Атамыз бен Ауа Анамызды жаратқалы бері 70 000 жыл болды делінеді. Содан бері жер бетіне қаншама мыңдаған ұлт келіп, қаншама мыңдаған ұлт жойылып кетпеді. Қазақ осы рулық жүйесін сақтағандықтан ғана, сол жетпіс мың жылғы Адам атамыздың «қарашаңырағын» сақтап отыр.

Әңгіменің ашығын айтқанда, елімізде руды жамандаушылар, яғни Дарвин ілімін басшылыққа алып «Атам маймыл, Анам мені маймылдан туған» деп шапқылап жүргендер жетіп артылады. Мектеп оқулығымызда «адам маймылдан пайда болған, адамзаттың атасы маймыл» деп жазулы тұрса, басқаша болуы мүмкін де емес қой. Бүгінгі тарих пен тіл ғылымының миларына ғылыми «ота» жасау керек. Мұны қазір жасамасақ, кейін кеш болады. Ауру қатты асқынған да ешқандай «ота» көмектесе алмайды.

Ежелгі аталарымыз ешқашан Ру жамандап, оларға тіл тигізбеген, керісінше, олардың жақсы істерін біліп, жақсылығына жарысып, жақсылығын жалғастырып, сол үшін мақтанып отырған. Қазірде де ауыл қазақтарының жалғастырып отырғаны осы. Олар Ата шежіресі мен ел тарихын жақсы біледі. Әйтпесе, олар руымен (атасымен) қалай мақтанар еді? Өзіңіз ойлап қараңыз, әлемге аты әйгілі, соңғы екі мыңжылдықтың ең ұлы тұлғасы деп, бүкіл әлем елдерімен (ЮНЕСКО) толықтай мойындалған, бүкіл әлемге әділдікпен билік жүргізген (оған өз айналасынан, тіпті өзіне бағынған бүкіл әлемнен бірде-бір адам, бірде-бір ел қарсы шығып сатқындық жасамаған, күні кешеге дейін бүкіл қазақ әулие деп әспеттеген) Қазақтың Ұлы қағаны Шыңғысхан атамызбен неге мақтанбасқа?! Аталарымыздың теңдесі жоқ асқан білімді, асқан дарынды, асқан ақылды, асқан батыр, асқан қолбасшы болғаны үшін неге мақтанбасқа?! Осындай асыл текті ұрпақты дүниеге әкелген, асыл текті ұлтымыз, асыл текті руымыз үшін неге мақтанбасқа?! Еске ұстайық! Ұлы Аталарымыз «Тектіден текті туады» деген мақалды бізге босқа қалдырып кеткен жоқ.

Соңғы кездері баспасөз беттерінде ру атын иемденген арғы аталарына ескерткіш-кесене салғандар жайлы сирек те болса жағымсыз пікір білдіріп, бұл біртұтас қазақты бөлінуге апарады деп жазып жүргендердің кездесіп қалып жүргендері жасырын емес. Ақиқатында, ру атын иемденген аталарымен мақтанып, оларға арнап ескерткіш қойып жатқандар, қазақты ешқашан бөлінуге апармайды. Оның түпкі қорытындысы керісінше болады. Өзіңіз ойлап қараңыз. Мысалы, елге жақсы ісімен үлгі болған Атасы үшін ұрпақтары мақтанып, оны ру атына айналдырып алып, үнемі мақтанып жүрсе, сондай жандарға көшенің атын берсе, ескерткіш қойса оның несі айып. Кімге оның қандай зияны тиіпті. Өзінің әкесімен, тікелей атасымен, арғы ру атын иемденген аталарымен (Қазақ деген ұлт атауы да, ең түптегі ру аты М.Қ.)  мақтана білген жан, ұлты үшінде мақтана да, оны қорғай да алатын болады. Оған күмәндарыңыз болмасын? Мұны тек Дарвиннен (атамыз маймыл деген) тәлім алғандар ғана түсіне алмайды. Бұған қарсылық білдірушілерді, жетелейтін «жетек» тек қана "қызғаныш" деген сезім. Оларға айтарымыз, біреудің жақсы атасын босқа қызғанғанша, өздеріңіздің де соларға ұқсауға тырысқандарыңыз дұрыс. Артыңызға жақсы сөзіңіз бен ісіңізді қалдырып, өзіңіз де өз тегіңізде зерттеп, жақсы аталарыңызды тауып, Сіздер де ұлықтаңыздар, Сіздерде мақтаныңыздар. Бұның аты жақсылыққа жарысу болады. Ал, руды (атамызды) жамандау, бұл кім бұрын «маймылға» бала боламыз деп сайысқа түсу болады.

Ал кейбіреулердің батыс мәдениетін мақтап қазаққа үлгі етіп ұсынатындарына келсек, еуропа (бізге ең жақыны орыс) мәдениетін қазаққа үлгі етіп алуға тіпті де болмайды. Ол елдердің мәдени үлгілерінің жақсы жағынан гөрі қазақ үшін жағымсызы басымыздағы шашымыздан да көп. Мысалы, олардың ең жағымсыз қасиеттерінің ең бастысы ата-аналарын жаппай қарттар үйіне тапсыратындығы және оны ұятқа санамайтындығы. Ата-аналары тура бір аурухана да жатқандай, арттарынан немерелерін ертіп барып тұратындығы. Ұлы Аталарымыз «жаман ауру» жұқпалы келеді дегендей, соңғы жылдары мұндай жағдай қазақ қоғамы арасында сирек те болса  кездесіп қалып жүргені ащы да болса шындық. Енді солардың қасына Қазақстанда алдыңғы жылы Көкшетауда «Нудистер» форумының өткенін (Ресейдің Омск қоғамы өткізді), көптеген Гей клубтардың масқарасын (Құманғазы атамыз бен Пушкинді сүйістіріп қойған), гейлер мен лесбилердің шектен тыс көбейіп бара жатқанын, өткен жылы екі қыздың некеге отырғанын, қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері қылмыс жасамайтын бірде-бір адамның қалмағанын (пара алатын шенеуниктер пара бермейтін адамды қалдырмады, тіпті сәбилерден алып жүр (бақша үшін)), күні кешегі қазақ қыздарын, келешек ұлт аналарын «Қазақ аруы» байқауын өткіземіз деген сылтаумен көпшіліктің алдына (сахна) «жалаңаш» шығарғандарын, сол Сіздер мақтаған елдерге еліктеп бала сатып байып жатқанымызды т.т. қосып қоя беріңіздер. Жарайды, ары қарай тізе беруге жүрегім шаншып кетті. Маған салса адами қасиеттің ең биік шыңында тұрған қазақ мәдениетін менсінбей, батыс мәдениетін үлгі тұтуды ұсынушылардың  миларын мылжалап, ішіне «ғылыми ота» жасап беру керек дер едім.

Қысқасы, Атасымен мақтана білген жандар, соларға ұқсап бағуға тырысады. Ал Сіздер ұсынған жолмен кетсек, адамдар қорғайтын арларынан (ар-иманы, отбасы және Атамекенінен) жұрдай болып тек қана «ақша», «ақша», тағы да «ақша» дейтін болады. Бүгінгі орыс тілді билік иелерінің Ар-ұяттан жұрдай болып, жаппай пара алып, көбінің ел байлығын миллиардтап тонап, шетелге қашатындарының сыры осы.

Рудың қазақ үшін аса қажет екенін мойындамай, оны жамандағанымыз, өзімізді дүниеге әкелген әкеміз бен шешемізді, одан арғы Аталарымыз бен Аналарымызды және ұлтымызды  мойындамағанымыз және жамандағанымыз. Бұлардың бәрі бөлінбейтін біртұтас дүниелер. Бұларды бөлшектеудің соңы құрдым. Одан кейін шығатын жол жоқ. Атамызды мойындамағанымыз, бұл біздің маймылды атам деп мойындағанымыз. Ал, маймыл ешқашан адам бола алмайды. Себебі, Ұлы Жаратушы – Алла оларға сана бермеген.

Одан ары не болатынына келсек, бұл жайлы Атам Қазақ: «Атаға қарап ұл, Анаға қарап қыз өсер» деген. Еске ұстайық! Маймылға қарап бой түзеген елдің (ұлдың да, қыздың да) келешегі болмайды.

Бұл сұрақтың жауабын, яғни «Кімнен кім туады?» деген сұраққа әлемге әйгілі Майқы би

(Ұлы Жүз-Үйсін) атамыз былай деп жауап берген екен:

"Тұлпардан тұлпар туады,

Сұңқардан сұнқар туады,

Асылдан асыл туады,

Жалқаудан масыл туады,

Масылдан мал бақпас туады,

Тілазардан қылжақбас туады,

Таздан жарғақбас туады,

Сараңнан бермес туады,

Соқырдан көрмес туады,

Мылжыңнан езбе туады,

Қыдырмадан кезбе туады,

Маймылдан маймыл туады".

«Қазақ шежіресі - Қазақ халқының жадында сақталған рулық шежіреде бүгінгі қазақ баласының барлығы Қазақ атадан өсіп-өнген бір кісінің баласы екендігі айтылады. Мәселе ұлттық шежіренің ғылыми және тарихи танымдық зерделеу тұрғысынан қаншалықты нақтылығында емес, тегін іздеп тереңдеген сайын бүгінгі барлық қазақты бір кісінің (Қазақ атаның) баласы қылып шығаратын тұтастыққа негізделген, тайға таңба басқандай құрылымдық құндылығы мен сабақтастығында. Тірілер үшін керек кемеңгер жүйе. Тегін білген қазақтың бәрі туыс. Ру атаулары – бір кездегі әкелеріміздің аттары, есімдері. Бабаларымыз бен әкелеріміздің аттарын ұмытсақ, «рушыл болмаймыз» деген бос сөз. Тегімізді ұмытқаннан жетістікке жетсек, қалған ұлттарға қара көрсетпей кететін уақытымыз болды. Қызыл үкімет қазақ шежіресі мен ұрпақ сабақтастығының шеңберіндегі жол-жоралғы, салт-дәстүрлерге өлердей қырын қарады. Демек, соншалықты (Қызыл Үкімет) терең айла-әдіс пен шырмауға негізделген саяси Империяның келе сала біздің қазақи шежіре – ел басқару тәлімдерімізге балта шабуында бір гәп бар емес пе!? Жау біздің ұлттық болмысымыздан нені көргісі келмесе, біз ұлттық мүдде тұрғысынан соны орын-орнына қоя бастауымыз керек.

Қарашаңырақ ұлы, негізгі, киелі, байырғы, мұрагер, бас шаңырақ деген ұғымдарды береді (т.с.с.). Ұлттық салт-санада қарашаңырақ ұғымы өте әділ шешімін тапқан. Мысалы: бір әкенің үш ұлы бар делік. Күндердің күнінде үлкен екі ұлын үйлендіріп, жеке отау тігіп бөлек шығарады. Ал кенже ұлы әке-шешесінің қолында, қарашаңырақ немесе бас шаңырақта қалады. Негізгі мұрагер кенже ұл болады. Атадан, әкеден қалған қарашаңыраққа мұрагер болғандықтан кенже ұлдың жасы кіші болса да, жолы үлкен болады. Ұлдық кенжелігін қарашаңыраққа берілген жол мен аманат толтырып, еселеп, теңестіріп тұрады. Сол шаңырақтан отау тігіп бөлек шыққан ұл-қыздары сәлем беріп, төркіндеп, амал айында көрісіп, ата-ананың бар кезінде де бірінші қарашаңыраққа келетін болады. Бұл – ата-бабасына және ұшқан ұясына деген құрмет. Туыстықты, қандастықты, бауырластықты баянды ету. Ұлттық тұрғыдан қарайтын болсақ, атамекенге, ата дәстүрге, ата салтқа, баба тарихқа деген құрмет. Ортақ ұлттық қағиданы мойындап, әрбір әрекетімізді бауырластық пен туыстыққа икемдеу.

Қара шаңырақтың қара қазаны. Қазақтың қара шаңырағы – Маңғыстау. Елдің қара қазаны – сол бірлік пен берекенің, құт пен құлпырған жасампаздықтың рухани және заттық бейнесі мен тұғыры. Қазан Түркістандағы Иасауи мазарында да бар. Бірақ ол – исламдық тұтастыққа үндейтін мұрамыз. Ал Отпан таудағы қарашаңырақтың қара қазаны – ұлттық, тектік рухани мұрамыз. «Амал» мерекесінің 13-і мен 14-інде Отпан тауға жиналып, қазақтың үш жүзінен шақырылған ақсақалдары мен азаматтары сол ортақ қарашаңырақтың қара қазанынан дәм татса, жылма-жыл жаңғыртып, үрдіске айналдырса, ұлтымызға ұлағатты бірлік, құт пен бақ, береке мен ырыс келеді» (Сабыр Адай «ҚАЗАҚСТАН-ЗАМАН» газеті, 6 тамыз 2015 жыл №31).

Меніңше, Майқы би атамыздың да, Сабыр ініміздің де бұл сөздері ешқандай комментарийді қажет етпесе керек.

Енді Қасиетті Құран Кәрімге сөз берейік:

«Ей, адамдар! Негізінде, Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық, әрі сендерді бір-бірлеріңді танып, білулерің үшін халықтар мен рулар етіп жасадық» (Құран Кәрім. Әл-Хужурат сүресі. 13 аят). 

Тәпсір: Аса ұлы Аллаһ адам баласының шығу тегі, түбі бір екендігін баян етті. Бүкіл адамзат Адам ата, оған Аллаһтың сәлемі болсын және Хауа анадан тарайды. Аллаһ олардан көп адамдар таратып, оларды бір-бірлерін тануы үшін үлкен халықтар, сондай-ақ кішігірім ру-тайпалар түрінде бүкіл жер бетіне жайды. Сондықтан әрбір адам өзінің шыққан тегін, елін білуі қажет. Алайда Аллаһтың алдында адамдардың ең қадірлісі – барлық жағдайда тек аса ұлы Аллаһқа бойсұнып, күнәлардан сақтанған ізгілері. А.Саъди. Бұл аятта нәсілшілдікке де (расизм М.Қ.), ұлтсыздыққа да (интернационализм М.Қ.) тыйым салынған. Қар: Әл-Манси.

«(Ей, Мұхаммед!) Біз саған кітапты (Құранды) ақиқатпен, өзінен алдыңғы кітаптарды растаушы әрі оларға куәлік етуші ретінде түсірдік. Енді олардың араларына Аллаһтың түсіргенімен үкім ет. Өзіңе келген ақиқаттан ауытқып, олардың көңіл құмарлығына ерме. Сендерден әрбір (үммет) шариғат пен жол белгіледік, Аллаһ қалағанда, сендерді бір үммет етер еді. Бірақ Ол сендерді Өзінің берген нәрселерінде сынамақшы. Сондықтан қайырлы істерде алдында болуға ұмтылыңдар (ЖАҚСЫЛДЫҚҚА ЖАРЫСЫҢДАР)! Барлығың Аллаһқа қайтасыңдар. Сонда Ол сендердің қайшылыққа түскен нәрселеріңнің хабарын береді» (Әл-Мәидә сүресі. 48 аят).

Тәпсір: Ұлы Жаратушы - Алла бөлек-бөлек ұлт, тайпа, ру болуды, оларға әртүрлі дінде болуды және адам баласы бір-біріне ізгі істер (жақсылық) жасауда бір-бірімен жарысуды міндеттеп отыр.

Мұндай сайыстар әртүрлі әлем елдері мен ұлттары арасында үнемі болып келеді. Олар адамзатты бақытқа жеткізу жолында сайысқа түсіп, бірінен-бірі мәдениеттерін (жақсылықтарын) асырып, оны өзгелерге үлгі етуге тырысқан. Оларды (осындай ізгі жақсылықтарды ұйымдастырушыларды) халық  Ата, Пайғамбар, Пір, Дана, Данышпан, Әулие, Хан, Қаған, Би, Ақын, Ғалым, Ержүрек батыр билеуші (Баһадүр) деп әспеттеген. Ондай сайыстар күні бүгінде де жүріп жатыр. Мысалы, төрт жылда бір өтетін Олимпиада спорттық жарыстары, білім, ғылым,  өнер, ән, би, музыка сайыстары т.т. осылардың қатарына жатады.

«Тентек шоқпар жинайды», - деп қазақ мақалында айтылғандай қару-жарақ шығарудан да, кейбір елдер көршісін жаулап, адамын қырып,  жерін тартып алудан да жарысып келеді. Ал ақиқатында, жарыстың көкесі қару-жарақ жасау мен өзге елдің жерін жаулап алу емес, ол ұлы аталарымыздың жеткен жетістіктерін біліп, соларға ұқсап бағу, соларды мақтан тұту, солардың үлгілі істерін жалғастырып, жіберген кемшіліктерін де біліп, ондай жағдайлардың алдын алу, яғни адамзатты бақытты ғұмыр кешуге жеткізу болмақ.    

ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖАРЫСАЙЫҚ!

Тарих тағлымы: Қазақ, қазақ болғалы «Жақсылыққа жарысу» Қазақ қоғамын кемелдікке жеткізудің ең сенімді серігі болды және болып та қала береді.

 РУДЫ ЖАМАНДАУДЫ ТОҚТАТАТЫН МЕЗГІЛ ЖЕТТІ.

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Ұлт порталы

Фото: Нұрғиса Елеубеков