Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тәуелсіздіктің қадірін көрсететін арнайы шаралар ұйымдастырылатыны белгілі. Ал еліміздің оңтүстік астанасы Алматы қаласы Тәуелсіздіктің жүрегі екені даусыз. Тәуелсіздік үшін күрес жүрген шаһарда 30 жылдықтың қалай атап өтілетіні белгілі болды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу Алматыда «Қайырымды істер марафоны» жобасымен басталды. Нағыз жаңғыратын сәтте жарқырап Тәуелсіздіктің мерейін асыру үшін сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр.
«Бұл нағыз жаңғыратын сәт деп есептейміз. Сол үшін бірыңғай қалалық жоспар әзірледік. Жалпы 953 іс-шара жоспарланғанын атап өткіміз келеді. Мысалы, маусым айында Алматыда мемлекеттік рәміздер күніне, медицина қызметкерлері күніне және полиция күніне арналған астам түрлі форматтағы іс-шаралар өтті. Тұрғын үй терезелеріне жалаулар қойылып, әнұран бір мезгілде орындалды. Адам көп жиналатын аумақта мемлекеттік ту таратылып, жалаулары бар автокөліктер мен мотожарыстар өтті. Мұндай игі істер ілде айында да жалғасын тауып жатыр», - деді Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ренат Бекбергенов.
Сонымен қатар, белгілі болғанындай, шілде айында мегаполисте ҚР астанасы күніне арналған онлайн және оффлайн форматта ашық аспан астында іс-шаралар өткен. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан-Швейцария туризм және қонақ үй бизнесі институты, «Ads Industries» фармзауыты, «Терренкур» жаяу жүргіншілер аймағы, жаңа балабақша мен мектептер сынды өнеркәсіптік және әлеуметтік-мәдени нысандар пайдалануға берілген.
Сонымен бірге, екінші жартыжылдықта қала әкімдігі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында педагог қызметкерлердің тамыз конференциясы, Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған ауқымды іс-шаралар, «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында бірыңғай қалалық сынып сағаты мен ашық сабақтар, Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш пен жаңа білім беру нысандарын ашу жоспарланған. Сонымен қатар, қараша айында индустриялық-инновациялық және әлеуметтік нысандарды іске қосу, «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» республикалық форумы және «Creative jastar» инновациялық жобалар байқауы сияқты көптеген іс-шара өтеді.
«Ал желтоқсан айы Алматы үшін ғана емес, еліміз үшін өте маңызды. Осы шаһарда болған желтоқсан оқиғасы әрбір азаматтың жүрегінде екені сөзсіз. Мәселен, бұл айда қалада тұңғыш Президент күніне арналған іс-шаралар, «Тәуелсіздік шежіресі» тақырыптық көрмелері, ғылыми-практикалық конференциялармен қатар, Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған атаулы күнге ерекше назар аударылды. Атаулы күн қарсаңында қайырымдылық іс-шаралары өткізіліп, мұқтаж жандарға қажетті қолдау шаралары көрсетіледі», - Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ренат Бекбергенов.
Ал Алматы қаласы «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдігі төрағасының орынбасары Долкунтай Абдухалил «Қайырымды істер марафоны» туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, аталған республикалық жобасы аясында төрт жүзге жуық түрлі форматтағы іс-шаралар жүзеге асатын болады.
«Аталған жобаның арқасында мұқтаж отбасыларға азық-түлік жиынтығы түрінде материалдық қолдау көрсетіліп, тұрғын үйді жөндеуге мүмкіндік беріледі. Барлығы 22 мыңға жуық алматылық қолдау алды. Бұл марафонға Алматы кәсіпкерлері белсене қатысуда. Мысалы, «Metal Prom Group» компаниялар тобының міндеті – адалдық, еңбексүйгіштік, сапа, мемлекетке және адамдарға пайда әкелу. Кәсіпорын қоғамдағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге көмектесуге дайын», – деді Д.Абдухалил.
Сондай-ақ, қаладағы іс-шара республиканың 30 жылдық кезеңіндегі жетістіктеріне және әр айдың тақырыптық желілеріне сілтеме жасай отырып өткізіліп, сондай-ақ атаулы күн мен мерекелерге арналады.
Естеріңізге сала кетейік, Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Осы орайда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тәуелсіздіктің қадірін көрсететін арнайы шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу Алматыда «Қайырымды істер марафоны» жобасымен басталды. Нағыз жаңғыратын сәтте жарқырап Тәуелсіздіктің мерейін асыру үшін сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр.
