23 қар, 2022 сағат 23:41

«Самұрық-Қазына» инклюзивті жобаларды дамыту аясында ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр


«Самұрық-Қазына» қоры Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындай отырып, инклюзивті жобаларды дамыту аясында ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Олардың қатарында - көпбалалы аналарды, ерекше балаларды, мүгедектігі бар адамдарды қолдау.

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы тек Атырау облысында соңғы бес жылда 1 миллиард теңгеден астам сомаға 19 әлеуметтік жобаны іске асырды. Жобалар өңір тұрғындары үшін маңызды мәселелерді шешуге және үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік бастамаларын қолдауға бағытталған. Биыл өңірде 375,5 млн теңге сомасына 7 жоба мақұлданды.

Бүгін компаниялар тобы атынан қайырымдылық жобалардың бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қоғам үшін іске асырылған бастамаларды халық назарына ұсынды.


Баспасөз туры сөйлеу қабілеті бұзылған, аутизм, церебральды сал ауруы және Даун синдромы бар балаларды жан-жақты дамытумен айналысатын, жаңартылған «Зейін-Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығына барудан басталды. Биыл «Самұрық-Қазына» қоры күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар, жиһаздар мен жабдықтарды жаңартуды қаржыландырды, сондай-ақ 50 ерекше балаға тегін оңалту курстарына сертификат табысталды. Жобаның құны 27 миллион теңгеден асады.


Жиналған көпшілік турдың екінші нысаны балаларға арналған кешенді оңалту, диагностика және кеңес беру қызметтерін көрсететін «Қамқорлық» оңалту орталығына барды. Орталық жылына 600 баланы тегін қабылдайды. Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен «Қамқорлық» жобасы аясында 2020 жылдан бастап Қазақстанның барлық өңірінде 15 оңалту орталығы, 16 инклюзияны қолдау кабинеті және 7 ерте араласу орталығы ашылды, оларды толық жабдықтау үшін 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Қор әрдайым әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға ерекше назар аударып келеді. Бұл бағытта Атырау облысының Іскер әйелдер қауымдастығының жобасы көрсетілді, жоба шеңберінде жалғызбасты және көпбалалы аналар, жұмыссыз әйелдер өздерінің қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін кәсіби дағдылар мен нақты көмек ала алады. Қауымдастық ұйымдастырған курстар 100 әйелге арналған. Олар оқудан кейін өз ісін ашу үшін тауар түрінде грант алып, 50%-ы өз бизнесін ашуға мүмкіндік иеленеді де, 30%-ы жұмысқа орналасады. Жобаның бюджеті 48 млн теңгені құрады.