30 қыр, 2022 сағат 10:49

«Самұрық-Қазына» жобалары: аймақтарда қанша жұмыс орны ашылады?


«Самұрық-Қазына» жобалары: аймақтарда қанша жұмыс орны ашылады?

«Самұрық-Қазына» өңірлердегі басымдыққа ие 16 жаңа инфрақұрылымдық жобаның тізімін ұсынды. Олар қор әзірлеген 2032 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасына кірді. Бұл – жаңа мұнай-газ өңдеу кәсіпорындары, газ құбырлары, электр станцияларын жаңғырту мен салу, қосымша теміржол желілерін құру.

Интернетті, әр өңірде 5G желісін дамыту жоспарланған. Соның арқасында ақпаратқа қолжетімділік артып, жалпы экономиканың жұмысы жеделдейді, өйткені, өндірісті жедел цифрландыру мен автоматтандыруға жол ашылады. Каспий теңізінің тереңіне талшықты-оптикалық кабель төселеді. Бұл - дүниежүзілік желіге қосылудың жаңа арнасы. 

Басым жобалар = жұмыс орындары 

«Самұрық-Қазынаның» 13 басым жобасының бірінші тізімі көктемде таныстырылды. Бастамалар «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасына енді.

Тізімге мұнай-газ химиясы кәсіпорындары, Кендірлі (Маңғыстау облысы) тұщыландыру зауытын салу, «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық су құбырын қайта құру, Алматыдағы үш ірі ЖЭО қуатын арттырып, газға ауыстыру, Түркістан облысындағы жаңа газ электр станциясы, Қытайдан Ресейге өтетін «Достық-Мойынты» теміржол дәлізін қайта құру сияқты бастамалар енді. Болжамға сәйкес, жобалар елде 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашады.

 «Самұрық-Қазынаның» есептеуінше,

● «ҚазМұнайГаз»-дың төрт жобасы құрылыс кезеңінде 16 мыңнан астам және пайдалануға беру кезінде 2 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді. 

●Алматы ЖЭО-ын 2022-2028 жж. газға ауыстыру жобаларының құрылыс кезеңінде 1,5 мыңға дейін және станцияларды пайдалану кезінде 700-ге жуық жұмыс орны құрылады. 

● Қашаған кен орнында ГӨЗ салынады, ол 500-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашады. Зауыт салу үшін тағы да 400-ден астам маман қажет. 

● Тұзсыздандыру зауыттары мен су таратқыштарды, сондай-ақ жаңа теміржол желілерін салу аясында 7000-ға жуық жұмыс орны құрылады.

● QazaqGaz 2022-2026 жылдары газ құбырларын кеңейтіп, қалалар мен өндірістерге газ жеткізбек. Компанияның 831 млрд теңгені құрайтын 9 жобасы шеңберінде елде 3000-ға жуық уақытша және 200-дей тұрақты жұмыс орны ашылады.  


Мамандар қажет

«Самұрық-Қазына» Қордың 29 басым жобасындағы және портфельдік компанияларындағы бос орындарды бақылап отыруға шақырады. Олардың барлығы SamrukQyzmet бірыңғай рекрутинг порталында орналастырылады. 

Қорда ескертілгендей, барлық жобаның іске асуына жоғары білікті мамандар қажет және бұған қазақстандықтар шақырылады.