14 жел, 2021 сағат 16:48

Сармат дәуіріне жататын сегізінші «Алтын адам» елордаға жеткізілді


Бүгін елордадағы Ұлттық музейде Қазақстанда табылған 8-ші «Алтын адамның» жаңғыртылған түрінің (реконструкция) таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елімізде сегізінші «Алтын адам» 2019 жылы Ақтөбе облысы Темір ауданы Тасқопа елдімекенінен табылған. Сармат дәуіріне жататын құнды жәдігерді мамандар 2 жыл бойы зерттеп, қайта жаңғыртып, бүгін елорда төріне алып келді. 

«Алтын адам» — біздің тарихымыздың асыл қазынасы. Өткеніміздің қандай болғанын осыдан білуге болады. Бұл — баға жетпес ұлттық құндылық. Міне, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында осындай айтулы оқиғаға куә болып отырмыз. Бір ғана «Алтын адам» арқылы Ұлы Даланың ерекшелігін танып, білуге болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жемісі. Ақтөбе өңірінен табылған кезекті «Алтын адам» бұл жай ғана дүние емес және кездейсоқтыққа жатпайды. Бұл туған жер тарихының жаңа парақшасы, ата-бабаларымыздың ізі. Осы орайда құнды жәдігерді тауып, оны жаңғыртуға атсалысқан археолог, реставраторға алғыс білдіремін», - деді ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы сегізінше алтын адамның ашылу салтанатында.

Сегінші «Алтын адамның» сұлбасын қайта жаңғыртуға отандық археолог, реставратормен бірге көрші ресейлік мамандар да үлесін қосқан. 

«Алтын адам» 2019 жылдың қазан айында табылды. Ал Ақтөбеде жұртшылыққа былтыр көктемде ұсынылды. Содан бері оның сұлбасын қайта жаңғырту жұмысымен айналыстық. Табылған жәдігердің құндылығын сақтап, қасиетін жоғалтпау үшін түпнұсқадан алшақтамауға тырыстық. Бұл ер адам, оның мүрдесінен бөлек, жеке заттары да табылды. Оның ішінде белбеу, қылыштың шіріген қалдығы және тағы басқа», - деді Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкері, археолог-ғалым Арман Бейсембаев. 

Тарихи жәдігер Ұлттық музейдің «Алтын залына» қойылды. Және оның ашылу салтанатына қоғам қайраткерлері мен тарихшы, археолог-ғалымдар қатысты. 

«Алтын адамның» сұлбасын қайта жаңғыртуға (реконструкция) 2 жылдай уақыт жұмсалды. Алдымен түпнұсқа зерттеледі. Яғни шығармашылық емес зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Яғни табылған алтын адамның жынысы қандай? Жасы нешеде? Өмірде кім болған тағы сол сияқты. Одан бөлек, табылған заттар да зерттеледі. Зерттеу нәтижесі көрсеткендай сегізінше «Алтын адамның» жасы шамамен 50-де және ол көсем болған», -деді суретші-реставратор Болат Атыраубаев.