Дәретханаға түсіп кеткен баларды құтқарған полиция майоры Нұрдаулет Еділов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға жыл басында Сарыағаш қаласында болған еді.
Аудандық полиция бөліміне хабарласқан жергілікті тұрғын, 3 жасар ұлы мен 10 жасар қызының ауладағы дәретхана ішіне абайсызда түсіп кеткенін айтып көмек сұраған.
Хабарламаны бірінші болып алған Сарыағаш АПБ учаскелік полиция инспекторлары, полиция майоры Нұрдаулет Еділов пен полиция капитаны Асыл Ережепов, полиция аға лейтенанты Айсұлтан Сапар оқиға орнынан табылды.
«5 метрлік әжетхана ішіндегі нәжіс 10 жасар қыздың иығына дейін жеткен екен. Ал, жасөспірім қыз жанындағы 3 жасар інісін нәжіске батып кетпесі үшін көтеріп ұстап тұрды. Бетоннан жасалған әжетхана еденін темір құралмен соққылап бұздық. Балаларға қауіп төнбесі үшін, өзіндік әдіспен әрекет еттік»,-дейді Нұрдаулет Еділов.
Адам сиятындай орын ашылған соң, полиция майоры әжетхана ішіне түсіп, балаларды аман есен алып шыққан болатын. Оқиғаға куә болған көршілер де учаскелік инспекторларға алғыстарын айтып, ризашылықтарын жеткізді.

Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Нұрдаулет Еділов ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Бүгінде учаскелік полиция инспекторы әріптестерімен бірге 21 000 тұрғыны бар Қапланбек ауылдық округінде қызмет етуде.
Күнделікті өзіне бекітілген аумақты аралап, қылмысты болдырмау мен алдын алу жұмыстарын атқарып келеді.

