13 мам, 2022 сағат 12:50

Сатыбалдыұлы мен Боранбаевты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды


Қайрат Сатыбалдыұлы және Қайрат Боранбаевқа қатысты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды  "Ұлт ақпарат".

"12 мамырда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты күзетпен ұстау түріндегі санкцияланған бұлтартпау шарасының мерзімін 1 ай мерзімге ұзартты.

10 мамырда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қайрат Боранбаевқа қатысты күзетпен ұстау түріндегі санкцияланған бұлтартпау шарасының мерзімін 1 ай мерзімге ұзартты", - делінген елордалық сот хабарламасында.

Еске салайық, 13 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және "Қазақтелеком АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған болатын. Қайрат Сатыбалдыұлы осы қылмыстарды жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ оның мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Қайрат Сатыбалдыұлы Алматы облысының аумағында, Дубайға ұшып кетпек болған жерінен ұсталған. Кейінірек оның бұрынғы әйелі де қамауға алынды. Ол рейдерлік әрекеттер үшін айыпталып отыр.

Қайрат Сатыбалдыұлы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.

Ал, Боранбаев 17 наурызда 2 ай мерзімге қамауға алынды. Ол квазимемлекеттік сектордағы аса ірі көлемдегі қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді.

Боранбаев – ірі кәсіпкер. Ол - Қазақстандағы, Беларусьтегі және Ресейдің бірнеше өңіріндегі McDonald's жылдам тамақтану желісінің және тағы басқа ірі компаниялардың иесі.

Қайрат Боранбаевтың қызы Әлима 2020 жылдың тамыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайтыс болған жиені Айсұлтанға тұрмысқа шыққан. Олардың Амели есімді қызы мен Сұлтан есімді ұлы бар.