Фото: ашық дереккөз
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі сауда субъектілері арасында өткен «Sauda in Digital Nauryz» республикалық байқауының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Ult.kz.
13–20 наурыз аралығында ұйымдастырылған байқау сауда саласындағы цифрландыру мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін кеңінен көрсетті. Қатысушылар бес негізгі критерий бойынша – ЖИ қолдану, креативтілік, ұлттық нақыш, аудитория белсенділігі және сапа – 100 балдық жүйемен бағаланды.
Нәтижесінде бірнеше номинация бойынша үздіктер анықталды. «Үздік цифрлық құттықтау» аталымында Қарағанды қаласындағы ЦУМ 92 ұпаймен жеңіске жетті. Жоба Наурыз мейрамының құндылықтарын цифрлық форматта әсерлі жеткізгені үшін жоғары бағаланды.
«Жасанды интеллектіні үздік қолдану» номинациясында Қарағандыдағы «Умай» сауда нысаны 90 ұпай жинап, үздік деп танылды. Мұнда ЖИ технологиялары визуалды әрі интерактивті контент жасауда тиімді қолданылған.
Ал «Ең креативті Digital-жоба» аталымында «Small» сауда желісі 90 ұпаймен топ жарды. Жоба ерекше сторителлинг тәсілдері арқылы аудиторияны тартуда жаңашылдығымен ерекшеленді.
«Үздік цифрлық безендіру» номинациясында «Анвар» 88 ұпай жинап, жеңімпаз атанды. Сауда кеңістігін заманауи визуалды шешімдермен безендіріп, келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлағаны атап өтілді.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, байқауға қатысушылар Instagram желісінде #saudadigitalnauryz хэштегі арқылы белсенділік танытып, сауда саласының жаңа цифрлық бағытта дамып келе жатқанын көрсетті. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 23 наурыз күні салтанатты түрде өтті.
