13 нау, 2022 сағат 13:25

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – Тәуелсіздіктің жемісі



Егемендікке қол жеткізген соң, 1993 жылы сәуірдің 14-інде жаппай саяси қуған-сүргін құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Күні бүгінге дейін саяси репрессия құрбандары ақталмағанымен жан жарасы толықтай жазыла қойған жоқ. Атап өтейік, саяси қуған-сүргін құрбандары атанғандардың ішінде Алаш арыстары атанған Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сынды бабаларымыз бар. Бүгінгі таңда қуған-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен толығымен жүзеге асырылып жатыр, –  деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитенінің төрағасы Қуат Борашев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі, бұл былайша айтқанда біздің Тәуелсіздіктің жемісі деуге болады дейді. Оның айтуынша, өйткені 70 жылдан астам уақыт барлығы жабық күйінде қалған қаншама адамдардың тағдырларын ашып, ақтаңдақтарды анықтау деген, біріншіден, біздің тәуелсіз жас ұрпаққа тәуелсіз сана қалыптастыру мәселесінде өте қажет.

«Ол қаншама жылдар бойы  архивтің қоймаларында шаң басып жатты. Бұл былайша айтқанда, бізде көрші мемлекеттер, Ресей бар, Украина, бұл құжаттарды әлдеқашан құпиясыздандырып тастаған еді. Өйткені ол мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндіретін құпиялар емес. Бұл сол кезеңдердегі шаруашылық, саяси кезеңдерде болған оқиғалардың құжаттары. Ал оның ішінде қаншама тағдырлар жатыр. Сол тағдырларды ашу бойынша деректер айтылды. Бұл енді 1993 жылы Елбасының шешімімен арнайы заң қабылданып, сол кезде басталған жұмыс. Енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей басшылығымен бұл жолы толық ақтауға мүмкіндік берілді. Өйткені бастапқы Алаш арыстарының барлығы ақталып болды. Олардың ұлт өміріндегі іргелі істерінің барлығы айтылды, халық санасына жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ қалған, жалпы сол кезеңде өмір сүрген, сол кездерде бай-кулактар деп аталған, немесе «банды жасақтары» аталған, сол кзедегі бандылық құрылымдар ешқандай қылмыстық істер жасаған жоқ. Олар сол кездегі өзінің ауылы, өзінің өңіріндегі аштыққа ұрынған, қиындықтарға ұрынғандарға малдарды бөліп беріп, әділетті жұмыстар атқарған. Олардың барлығы қазір архив құжаттарында жатыр», – дейді Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитенінің төрағасы Қуат Борашев.

Оның айтуынша, бұл бағытта комиссия жұмысы өте қарқынды, жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, біз оларға барлық өңірлердегі архивтерде мүмкіндік беріп, қазір құпиясыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Оны қазір толық Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті құпиясыздандыру жөнінде комиссия шешім шығарғаннан кейін мемлекеттік тіркеуге алатын болады.

Ал Мемлекет тарихы Институтының директоры, Тарих ғылымының докторы, Профессор Еркін Әбілдің айтуынша, 37-жылдың жазынан бастап 38-жылдың күзіне дейін бір жылдың ішінде 120 мың адам репрессияға ұшыраған.

«Енді өткен жылдың ішінде көптеген жұмыс жасалды. Негізінде қандай нәтиже дегенде, комиссия жүйелі түрде тек қана мемлекеттік комиссия емес, бүкіл өңірлерде комиссия жұмысын бастады. Ең негізгісі бізде қазір дұрыс әдістемелік жүйе бар. Қалай жұмыс істеу керегін түсіндіретін. Комиссияның негізгі ұстанымы Кеңес үкіметі құрылған 17 жылдан бастап, 1991 жылға дейін репрессияға ұшырағандарды толығымен ақтау. Оның ішіне Желтоқсан оқиғасы да кіреді. Жаңа атап кеткен көтерілісшілер тарихшылардың, мамандардың арасында өте көп. Осы жөнінде пікірталас болды. Толық ақтаудың негізгі ұстанымы, бізге 80 жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін біз қай ұстаныммен ақтадық: бұл адамдар мемлекетке қарсы, қоғамға қарсы қылмыс жасады ма, жоқ па? Қылмыс жасамаса ақтаймыз, қылмыс жасаса ақтамаймыз. Бұл Кеңес заңдары бойынша. Қазір бізде жаңа ұстаным: Мемлекет оларға қарсы қылмыс жасады. Мысалы, көтерілісшілер Кеңес заңы бойынша қылмыс жасады. Ал халықаралық заңдар бойынша, көтеріліске құқық деген ұстаным бар. Сол ұстанымдар бойынша олар қоғамға қарсы ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Керісінше мемлекет оларға қарсы қылмыс жасады», – дейді Мемлекет тарихы Институтының директоры, Тарих ғылымының докторы, Профессор Еркін Әбіл.

Оның айтынша, дәл сондай ұстаным басқа топтарға қарағанда, бұрын 1989 жылы Кеңес заңы бойынша, немесе 1993 жылғы біздің заң бойынша ақтауға жатпайтын топтар болған. Қазір негізгі мақсат оларды да ақтау тізімдеріне кіргізу.