22 жел, 2020 сағат 10:30

Сайлау күні дауыс беру нысанындағы ІІМ қызметкерлеріне қандай міндет жүктеледі?

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев сайлау өтетін күні дауыс беру нысанындағы ішкі істер органдары қызметкерлеріне қандай міндет жүктелетінін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Орталық сайлау комиссиясымен бірге ҮЕҰ академиясы» білім беру жобасы шеңберінде сайлауды байқау негіздерін түсіндіруге арналған семинар өткізіп жатыр. Отырысқа онлайн режимде 500-ден астам адам қатысуға ниет білдірген. Жиында сайлауды байқау негіздері түсіндіріліп жатыр. 

«Дауыс беру нысанындағы тәртіпті қамтамасыз ету міндеті ішкі істер органдарына жүктеледі. Ішкі істер органдарының қызметкерлері учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының шақыруымен ғана дауыс беру нысанында болуы керек. Дауыс беру нысанында тәртіп орнағаннан кейін учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының өтініші бойынша бірден дауыс беру нысанынан шығып кетуі тиіс», - деді Ерлан Дауылбаев.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі сонымен қатар сайлаушылардың сайлау және дауыс беру бюллетенін алу тәртібін түсіндірді. 

«Сайлау бюллетенін сайлаушылардың тізімі негізінде азаматтың жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде сайлау комиссиясының мүшелері береді. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысының дауыс беруге арналған сайлау бюллетенін беруге құқығы жоқ. Бюллетенді алғаннан кейін сайлаушы жеке басын куәландыратын өз құжатын көрсете отырып, сайлау бюллетенін алғаны туралы сайлаушылардың тізіміне қол қояды. Сайлау бюллетенін берген комиссия мүшесі өз тегі жазылған тізімге қол қояды. Өздігімен бюллетенді толтыруға мүмкіндігі жоқ сайлаушы өзі сенетін адамның көмегіне жүгіне алады. Оған көмектескен адамның да аты мен тегі аталған тізімге енгізілуі тиіс. БАҚ өкілдері, сайлау комиссиясының мүшелері, байқаушылар мен мәслихаттың немесе әкімдіктің өкілдері сайлаушының сенімді өкілі бола алмайды», - деді ол.