Фото: Shutterstock
Бүгінде алтын құйма сату және сатып алу туралы жиі сөз болып жүр. Ел экономикасына қатысты немесе кәсіпкерлер арасында ғана емес, қарапайым халық та алтын құймаларға қызығушылық танытып келеді. Өйткені алтын бәсі жоғары инвестиция екені дәлелденген. Қазіргі таңда Америкада білімін жетілдіріп, қызмет етіп жүрген экономист Мұрат Қастаев Ult.kz тілшісінің сұрақтарына жауап берді.
Экономистің сөзінше, алтын құймалары – бұл жеке адамның инвестициялық қоржынын әртараптандыру құралы, және ақшаны сақтау мен табыс алу көзі болып табылады. Инвестор қоржынында банк депозиттері, акциялар мен басқа да құнды қағаздар, жылжымайтын мүлік бар болған соң, капиталдың бір бөлігін алтынға салуға болады.
Фото:inbusiness.kz
«Алтын өзінен-өзі депозит немесе акция сияқты табыс әкелмейді, алтыннан пайда табудың жалғыз көзі – сату бағасы сатып алу бағасынан жоғары болып, баға айырмасынан пайда көру. Және де алтын – ең ежелгі инвестициялық құрал, оның тарихы 5 мың жыл шамасында, және ұзақ мерзімде алтын бағасы әрқашан да өсіп отырады. Бірақ алтын өте ұзақ мерзімді инвестициялық құрал, себебі оның бағасы 5 немесе 10 жыл төмен түсіп, сосын келесі онжылдықта өсуі мүмкін. Сол себепті алтынды табыс көзінде емес, капиталды сақтау және келесі ұрпаққа қалдырудың жолы. Алтын әсіресе инфляциядан қорғайтын құрал болып табылады, себебі қағаз ақша құнсыздана берсе, алтын өз құнын ұстап отырады және уақыт өткен сайын қымбаттап отырады. Алтынға инвестордың бүкіл капиталының 5-10 пайызын салуға кеңес беремін, және одан көп табыс күтпей, ол капиталды сақтаудың құралы екенін ұмытпау керек, яғни ең жаман жағдайда, мысалы, ақша қағаздары құнсызданып, әлемдік экономика құлдырап, құнды қағаздар арзандағанда, жылжымайтын мүлік қирап кетсе, инвестор кем дегенде сол алтынға салған ақшасын сақтап қалады. Ал алтынды әлемнің кез келген жерінде сатып, ақшаға айырбастап алуға болады», – дейді экономист Мұрат Қастаев.
Айта кетейік, алтынды сатып алу мүмкіндігі Қазақстанда соңғы бірнеше жылда кең тараған. Алтын құймаларын ҚР Ұлттық банкі ғана шығарады, оның 100 пайыз сапа кепілі бар, және құймалар 100 пайыз елімізде өндірілген алтыннан шығарылады.
«Алтын құймаларын ең ірі банктерден және кейбір валюта айырбастау нүктелерінен сатып алуға және сол жерлерде қайта сатуға болады. Алтынның бағасын Ұлттық банк күнделікті жариялап отырады. Мысалы, бүгін алтынның 1 грамы 46 104 теңгені құрайды. Алтын құймалары 5, 10, 20, 50 және 100 грамм салмақта сатылады, яғни ең арзан алтын құймасы 230 мың шамасында тұрады. Бір шартты ұмытпаған жөн – құйманы сатып алғанда, ол арнайы қорғаныс қаптамасында болады, соның тұтастығын сақтау керек, себебі сол қаптама - құйманың сапасы мен салмағы сақталғанының кепілі.
Жоғарыда айтылғандай, бүкіл алтын құймаларын тек Ұлттық банк шығарады, сондықтан қай банктен алсаңыз да бәрібір. Менің білуімше, алтын құймаларын Халық банкі, ЦентрКредит, Еуразиялық банк және Жусан банкі сатады. Алайда, физикалық алтын құймаларын сатып алумен қатар, алтынға металл шоты арқылы да ақша салуға болады. Бұл қызметті бірқатар банктер ұсынады. Яғни инвестор мобильді қолданба арқылы ақшаның бір бөлігіне алтын сатып алуды банкке тапсырады, банк сол алтынды өзінде сақтайды, ал алтынның құны инвестордың шотында көрсетіліп отырады. Сонда инвестордың алтын құйманы сақтап, қорғау жайлы басы ауырмайды, алайда металл шоттарындағы алтынның бағасын сол банктің өзі белгілейді, сол себептен кейде оның бағамы тиімсіз болуы мүмкін. Жалпы инвесторға тек құйманы сатып алмай, мүмкіндік болса, ақшаның бір бөлігіне құйма сатып алып, бір бөлігіне металл шотын ашып қоюға болады», – дейді Мұрат Қастаев.
Экономистің айтуынша, алтынға ақша салудың үшінші жолы – ол алтын өндіретін компаниялардың акцияларын сатып алу, себебі алтын бағасы өскен сайын сол компаниялардың акциялары да өседі, ал акцияның құймадан бір артықшылығы – оның тек бағасы ғана өспей, дивиденд ретінде де табыс алып отыруға болады. Ал алтын дивиденд әкелмейді, одан табыс табу үшін құйманы тек сатуға ғана болады, ал акцияларды сатпай-ақ табыс алып отыруға болады.
«Алтынға инвестиция ретінде 2017 жылға дейін де мүмкіндік болған, бірақ ол кезде тек алтын әшекейлерін ғана сатып алуға мүмкіндік болатын. Ал әшекей қандай алтыннан жасалған, сапасы қандай, арасында қандай қоспасы бар – оның бәрін арнайы білімі мен құралдары жоқ адам тексере алмайтын. Ал Ұлттық банк шығаратын құймаларының сапасын Ұлттық банктің өзі кепіл, ол алтын құймалардың тазалығы 99,99 пайыз, яғни одан таза алтынның болуы мүмкін емес. Және құймалардың салмағы стандартталған, оларды еркін сатуға және сатып алуға болады, және алтын құймаларын сақтау ыңғайлы, себебі олардың пішіні төртбұрыш, қалыңдығы жіңішке және кішкентай ғана жерге көп алтын құймаларын тығып сақтауға ыңғайлы, олар көп орын алмайды.
Алтын құймаларына депозиттерге сияқты кепілдік беру мүмкін емес, себебі депозиттердегі ақша банктерде сақталады және банктер оған жауап береді, ал алтынды инвестор өз қолында ұстап, оған өзі жауапты болады», – дейді экономист.
Мұрат Қастаевтың айтуынша, мемлекеттен берілген кепілдік – ол алтын құймасының сапасы, тазалығы, салмағының дұрыстығы және оны жеңіл сатып алу мен сатуды қамтамасыз ету, одан артық мемлекет ешқандай кепілдік бере алмайды.
«Егер инвестордың алтыны көп болса, оны кез келген банкте сейф ұяшығын жалға алып, соның ішінде сақтау, сонда оған банк жауапты болады, ал инвестор өзі таңдай алады – алтын құймаларын үйде сейф салып, сонда сақтаған қауіпсіз бе, әлде банк ішінде қауіпсіз бе. Көп жағдайда банк сейфтері әлдеқайда жақсы қорғалған, оларды арнайы қауіпсіздік қызметі, сигнализация, тонауға, сындыруға, өртке қарсы тұратын арнайы қорғаныс жүйелері бар, тек ол үшін төлеу керек. Бірақ инвестор алтын сатып алса, оны қалай сақтауы – тек өзінің ғана жауапкершілігі», – дейді экономист Мұрат Қастаев.
Ақбота Мұсабекқызы
