Фото: Instagram/kazakhmys_official
«Қазақмыс» корпорациясы өзі жұмыс істейтін барлық өңірлерде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қолдау көрсетуді жалғастыруда. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі — «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС базасындағы кардиохирургиялық көмекті дамыту.
2026 жылғы 5–7 наурыз аралығында медициналық орталықта жүрек-қантамыр жүйесінің ауыр диагноздары бар пациенттерге кезекті кардиохирургиялық операциялар өткізілді. Операциялар елдің жетекші мамандарынан құралған University Medical Center (UMC) командасымен бірлесіп, Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қолдауымен жүргізілуде.
2026 жылы «Қазақмыс» корпорациясы кардиохирургиялық қызметті дамытуға және жоғары мамандандырылған операцияларды жүргізуге қосымша 447 млн теңге бөлді. Бұл қаражат медициналық орталықтың мүмкіндіктерін кеңейтіп, күрделі операцияларды пациенттерді республикалық ірі клиникаларға жібермей-ақ жергілікті жерде жасауға мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда медициналық орталықта 16 аортокоронарлық шунттау (АКШ) операциясы сәтті орындалды. Ұлытау облысының денсаулық сақтау жүйесі үшін бұл — жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттерді емдеуде жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды қадам.
Аталған операциялардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жүргізілетіні де маңызды. Соның арқасында өңір тұрғындары жоғары технологиялық медициналық көмекті тегін ала алады.
Кардиохирургиялық қызметті дамыту өңірдегі медициналық көмектің деңгейін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді азайтуға, пациенттердің басқа өңірлерге шығу қажеттілігін қысқартуға және Ұлытау облысының тұрғындары үшін жоғары технологиялық медицинаның қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, қуатты кардиохирургиялық қызметтің қалыптасуы өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар қызметкерлерінің медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл бағыттың дамуы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы медициналық қызметтерді тұрақты қаржыландыруды қалыптастырып, Жезқазған медициналық орталығының облыстық кардиологиялық орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді.
«Қазақмыс» корпорациясында денсаулық сақтау саласын қолдау компанияның әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды бөлігі. Медициналық инфрақұрылымға салынған инвестициялар өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, жалпы облыстың денсаулық сақтау жүйесінің дамуына ықпал етеді.
