07 сәу, 2021 сағат 12:06

Серік Қожаниязов: Өңірлерде су арналарын тазартуға күш салу керек

Елдегі ірі су қоймаларына жиналған судың толымдығы 70-75 пайыз мөлшерінде. Егер қар күрт ерісе, босатылатын судың көлемі айтарлықтай артуы мүмкін, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Осыған байланысты жергілікті қызметтер елді мекенге жуық қоймалардан босатылған судың арналарын аршу жұмыстарына мұқият қарау керек. Орталық коммункациялар қызметінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серік Қожаниязов осындай ескерту айтты.

«Су тасқыны кезеңі басталғанға дейін су қоймаларында ылғал жинақталды. Бүгінгі күні ірі су қоймаларының орташа толымдығы 70-75 пайызды құрайды. Үлкен су тасқындары келген жағдайда олар транзиттік режимде жұмыс істейтін болады. 

Су қоймаларының режиміне күнделікті мониторинг белгіленген. Барлық республикалық нысандарда тәулікті кезекшілік ұйымдастырылған. Биыл қардың көп жауғанын ескерсек, күрт еріген жағдайда су қоймаларынан босатылатын ылғал көлемі едуір артуы мүмкін. Сондықтан жергілікті әкімдіктер елді мекендерге жақын орналасқан нысандардың босатылатын судың арналарын аршу жұмыстарына көп көңіл бөлу керек», - деді ведомство өкілі.

Серік Қожаниязов 2020 жылдың күзінен бастап гидротехникалық құрылыстарға тексеру жүргізілгенін атап өтті. Сол тексерулер қорытындысы бойынша бассейндік инспекциялар гидротехникалық нысан иелеріне тасқын суларды қауіпсіз өткізу жөнінде қажетті материалдар мен техника дайындау керектігі туралы ескертулер беріпті.

«Бүгінгі күні коммуналдық және жеке гидротехникалық нысандардың бос орындарын толтыру, өзендердің арналарын тазалау, иненерлік қорғаныстарды жөндеу және құру бойынша бұрын берілген ұсыныстардың орындалуы бақылап отырмыз», - деді вице-министр.