Бүгін Ақтөбеде «Владимир Дворкович мемориалы – Aktobe Open 2025». Халықаралық шахмат фестивалі басталды, оның басты турнирі классикалық шахматтан Қазақстан Кубогының бастапқы кезеңі болып табылады. Жарысқа 19 елден 311 шахматшы қатысады. Жұлдыздар қатарында әлемдік шахмат тәжіне үміткерлер турнирінің қатысушысы Ван Хао (Қытай), рейтингі 2600-ден жоғары гроссмейстерлер және Қазақстанның жетекші шахматшылары бар.
Фестиваль 22-30 маусым аралығында өтеді және үш турнирді қамтиды:
Masters (рейтингі 2400 және одан жоғары шахматшылар)
Challengers (рейтингі 1900–2399 аралығындағы шахматшылар үшін)
Open (рейтингі 1400–1899 аралығындағы шахматшылар үшін)
Владимир Дворковичты еске алу Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мен KazChess/Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен өтуде. Бас серіктестер – Freedom Holding Corp. және Ақтөбе мыс компаниясы. Жарыс өтетін алаң – ACE теннис орталығы (Мәңгілік Ел көшесі, 2) –Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен ұсынылған.
«Бұл турнир біздің шахматшыларымызға әлемдік элитаға қарсы өз үйінде – таныс ортада, бірақ өте жоғары бәсекелестік жағдайында ойнауға керемет мүмкіндік береді. Жүлде қорының көлемі турнирге сапалы құрамды жинауға мүмкіндік берді, бұл оның мәртебесін көрсетеді. Ең бастысы – мұндай жарыстың өңірде өтіп жатқаны. Біз тек Астанамен Алматыда ғана емес, шахмат серпінді дамып жатқан аймақтарда осындай ауқымды турнирлерді өткізуді саналы түрде қолға алдық. Бұл жергілікті инфрақұрылымды дамытуға, жастарды шабыттандыруға және спортқа қуатты серпін беруге ықпал етеді», – деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.