Фото: Kazfootball.kz
Қазақстан құрамасы мен алматылық «Қайрат» клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков бір матчтағы орташа сейвтер саны бойынша Чемпиондар лигасында үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Ult.kz.
Лиганың ресми сайтында жарияланған статистикаға сәйкес, 22 жастағы қақпашы биылғы маусымда төрт матчта 27 сейв жасаған.
Жалпы сейв саны бойынша Анарбеков кипрлік «Пафос» командасының өкілі Неофитос Михаилмен бірге 4-орынды бөлісіп тұр. Ал рейтингтің көшбасшысы — норвегиялық «Буде-Глимт» клубының қақпашысы Никита Хайкин (38 сейв).
Айта кетейік, Анарбековтен жоғары тұрған Хайкин, Рульи мен Куртуа турнирде одан көп матч өткізген. Сондықтан олар орташа көрсеткіш бойынша қазақстандық қақпашыдан төмен тұр.
Чемпиондар лигасындағы ең үздік қақпашылар (орташа сейв саны бойынша):
-
Темірлан Анарбеков («Қайрат») — матчына 6,75 сейв (4 матч)
-
Никита Хайкин («Буде-Глимт») — 6,3 сейв (6 матч)
-
Тибо Куртуа («Реал») — 5,9 сейв (5 матч)
-
Херонимо Рульи («Марсель») — 5,5 сейв (6 матч)
-
Йиндржих Станек («Славия») — 5,5 сейв (4 матч)
Рейтингке «Қайрат» қақпашысы Шерхан Қалмұрза (2 матчта 11 сейв) және «Айнтрахт» ойыншысы Кауан Сантос (бір матчта 7 сейв) енгізілмеген, себебі олар командасының Чемпиондар лигасындағы ойындарының жартысынан азын өткізген.
Темірлан Анарбеков — Чемпиондар лигасының үздік ойыншысы
Статистикалық портал Sofascore.com да биылғы маусымда қазақстандық қақпашыны турнирдің ең үздік ойыншысы деп атады. Портал матч сайын баға қойып отырады, және Анарбековтің орташа рейтингі — 8,9, бұл кез келген басқа ойыншыдан жоғары.
Салыстыру үшін, Чемпиондар лигасының үздік сұрмергені Килиан Мбаппенің орташа бағасы — 8,34.
Еске салайық, Чемпиондар лигасының соңғы матчында Темірлан Анарбеков «Қайрат» — «Олимпиакос» кездесуінде 8 сейв жасап, ойынның үздігі атанды. УЕФА оның екі сейвін тур күнінің ең мықты құтқарулары қатарына енгізді.
