27 ақп, 2023 сағат 18:16

Шавкат Мирзияев БАҚ-тың әділ сыны ұнайтынын айтты

сурет ашық дереккөзден алынды

Өзбекстан президенті Шавкат Мизияев "әлдекімдер ұсыныс жасаса да, БАҚ-тарды жаппайтынын" мәлімдеді. Ол мұны Қашқадария облысында жаңа мектепті ашу салтанаты кезінде айтқанын жергілікті БАҚ президент баспасөз хатшысы Шерзод Асадовқа сілтеп хабарлады, деп жазады Азаттық.

"Бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау көрсетпейтін жабық ел болғандықтан, халықтың әділетті талабын естімедік. Еркіндік ұнай ма сіздерге? Маған ұнайды. Иә, маған қиындау болады. Маған "кейбір БАҚ-тарды жауып тастау керек" дейді. Бірақ мен жаппаймын" деді ол.

Мирзияв "БАҚ-пен дос болу керек" дейді.

"Айта берсін, бірақ әділін айтсын. Сынаса да, әділ сынасын. Егер содан ауылға, мектепке, білім саласына пайда болса, тіпті жақсы. Мен күнде оқып отырамын, интернетті де қарап жүрмін. Мүмкіндігінше күніне екі сағат уақытымды бөліп, қарындашпен астын сызып оқимын. 10 пікірдің тоғызы дұрыс. Бұл бағытымыз дұрыс па? Дұрыс" деді ол.

2021 жылы ақпанда Шавкат Мирзияев журналистермен сөйлескенде "қорықпаңдар, сендердің арттарыңда президент тұр" деген еді.

Президент БАҚ жұмысына цензура жасаған, кедергі келтірген шенеунікті жазалауды ұсынды. Мұндай әкімшілік жазаны 2019 жылы да ұсынған, бірақ заң нормасына айналмастан қалған. Бұрынғы депутат Расул Көшербаев "оған күш құрылымдары кедергі жасады" деген еді.

2021 жылғы ақпанда Өзбекстан Қылмыстық кодексіне журналистің заңды жұмысына кедергі келтіру, яғни қызмет бабын пайдалану арқылы журналист пен оның туыстарына қысым жасау, күш қолдануды айыптайтын норма енгізу ұсынылған. Бірақ ол да қабылданбастан қалған.

Үкіметтік емес ұйымдардың баяндамаларына қарағанда, Өзбекстан сөз еркіндігі нашар елдер санатына жатады. Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымының жыл сайынғы қорытындысына қарағанда, 2022 жылы Өзбекстан сөз еркіндігі бойынша дүниежүзіндегі 180 елдің ішінде 133-орынға тоқтаған.


Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.