20 жел, 2022 сағат 18:38

"Шенеуніктер көз жұма қараған": жол салу барысында ондаған миллиард теңге ұрланған

Фото: aktobetimes.kz

Жол салу барысында ондаған миллиард теңге ұрланған. Прокуратура 23 қылмыстық іс қозғады, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствода әртүрлі схемаларды ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарланды, ол үшін қадағалау органы "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ-да, Автомобиль жолдары комитетінде және жергілікті әкімдіктерде тиісті тексерулер жүргізеді.

"Бұл жұмыс жемісін беріп жатқаны сөзсіз. Жол құрылысы кезінде 43,4 миллиард теңге ұрланған, ол түгелдей дерлік "ҚазГерСтрой" ЖШС қалтасына түскен. Сонымен қатар, сегіз жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бөлінген қаражатты тиімсіз пайдалану деректері анықталды. Әңгіме 600 миллион теңге туралы болып отыр", - деді Бас прокуратура өкілдері.

Ресми деректерге сүйенсек, бес орта және ағымдағы жөндеу нысаны бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы жасау кезінде шенеуніктер бағалау құн сомасын екі миллиард теңгеден аса арттырған.

"Бюджет ақшасын жымқыру үшін мердігерлер құрылыс материалдарына 70 жалған сертификат пайдаланған, он жағдайда стандартқа сәйкес келмейтін материалдар пайдаланылған. Тексеру барысында мердігерлердің орындалмаған шарттық міндеттемелер мен өсімпұлдар бойынша қарыздарына шенеуніктер көз жұмғаны белгілі болды. Нәтижесінде мердігерлердің шарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін өтелмеген дебиторлық берешегі 6,8 миллиард теңге, ал өсімпұл сомасы 636 миллион теңге болған", - деді Бас прокуратура өкілдері.

Прокуратурада алым жинау жүйесін енгізу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы да сұрақтар көтерілді.

"Олар жеткізуші - Computer Vision Technologies ЖШС қызметтерінің бағасы үш есе артып, 138,8 миллиард теңге болуымен байланысты болды. Қазіргі уақытта қаражатты иемдену мен ысырап етудің, сондай-ақ лауазымдық өкілетті теріс пайдаланудың барлық дерегі бойынша (осының барлығынан залал 45 миллиард теңгеден асады) 23 қылмыстық іс қозғалды. Бұдан әрі тергеумен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен финмониторинг агенттігі айналысады", - деп хабарлады Бас прокуратура.

Ресми ақпаратқа сәйкес, прокурорлар 24 миллиард теңге болатын бюджет шығынының алдын алып, 17,3 миллиард теңге болатын заңсыз тендерлердің нәтижелерін жойды.