24 қар, 2022 сағат 11:50

Шетелдік көліктерді есепке қою құны бекітілді


Парламент Қазақстанға 1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктерді заңдастыру үшін бастапқы тіркеу ретінде төлем құнын белгілеуді көздейтін салық кодексіне түзетулер енгізді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Енді шетелдік автокөлікті бұрынғыдай миллиондаған сомаға емес, 200 мың теңге бастапқы есепке қоюға болады. Қойылатын жалғыз шарт – көлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге келген болуы керек. Қазақстан Президенті өз Жолдауында қазақстандықтарға өз көліктерін заңдастыру құқығын беру туралы дәл осы күні тапсырма берген болатын.

Сенат заң қабылдады, ол Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілген.

Бұл заңда кәсіпкерлерге де жағымды жаңалықтар бар. Онда олардың салық жүктемесін азайту туралы айтылған. Мысалы, егер қазір шағын және орта бизнес еңбекақы төлеу қорының 34,5%-ын төлеуі тиіс болса, келесі жылдан бастап олар бірыңғай төлемді өз еркімен төлей алады. Бұл іс жүзінде 2 есе аз – 20% болады, бірақ 2028 жылға қарай 26,3%-ға дейін біртіндеп өседі.

Бірқатар түзетулер азық-түлік тауарларының бағасына да оң әсер етуі керек. Қант, кондитерлік өнімдер мен ашытқы өндірушілер үшін қосылған құн салығының сомасы 70%-ға азаяды, ал қант шикізатын импорттаушылар ҚҚС төлеуден толығымен босатылады. Сондай-ақ, балық өңдеумен айналысатын кәсіпкерлерге ҚҚС төлемі 70%-ға төмендейді.

«Қабылданған заң инвестиция тартуға және бизнес-ортаны дамытуға қосымша құқықтық жағдай қалыптастырады. Атап айтқанда, жекелеген салаларда қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер беру арқылы өндірісті ынталандыру көзделіп отыр. Жаңа нормалар еңбекақы қорына жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға арналған шара. Алдағы уақытта осы заң халыққа және бизнеске көрсетілетін қызметтердің сапасы мен деңгейін көтеруге мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді заң жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.