12 ақп, 2024 сағат 10:50

Шетелдіктер асырап алған балалардың ешбірі Қазақстан азаматтығын таңдамаған - СІМ


Фото: ҚР СІМ

Сыртқы істер министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында шетелдіктер елімізден асырап алған балалардың ешбірі 18-ге толғаннан кейін Қазақстан азаматтығын таңдамағанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі таңда Қазақстаннан асырап алынған балалар кәмелет жасына дейін қос азаматтыққа құқылы («ҚР азаматтығы туралы» заңы, 27-бап). ҚР шет елдердегі мекемелері әрдайым асырап алынған балалармен кездесулер барысында ҚР азаматтығы мәселесін және ҚР заңнамасының нормаларын түсіндіруге көмек көрсетеді. Өкінішке қарай, кәмелет жасына толғандардың барлығы шетел азаматтығын алуда. Бүгінгі таңда Қазақстан азаматтығының пайдасына шетел азаматтығынан бас тарту жағдайлары тіркелмегеніне назар аудару қажет», - деп жазылған жауапта.


Министрлік дерегінше, шетелдіктер асырап алған балалар өз тарихи отанына қызығушылық танытып, Қазақстан елшіліктеріне хабарласу жағдайлары да кездесіп тұрады. 

«Мұндай жағдайларда елшілік тарапынан балаларға тиісті ақпарат беріліп, еліміз, салт-дәстүріміз, қазақ тілі туралы кітаптар ұсынылады және арнайы кәдесыйлар табысталады. 2019 жылы СІМ ұйымдастыруымен «Менің елім – Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде АҚШ, Испания және Италия азаматтары асырап алған балалар асыраушы ата-аналарымен бірге елімізге шақырылып, олар Астана мен Алматы қалаларын және өздерінің туған жерлерін аралап көрді.


Балалардың Қазақстанға келуге деген сұранысы мен қызығушылығын ескере отырып, қазіргі таңда СІМ ұсынысымен Уәкілетті орган осы жылы «Жазғы лагерь» ұйымдастыруды жоспарлап отыр», - делінген жауапта.