18 нау, 2021 сағат 12:18

ШҚО-да 3 мыңнан астам адамға коронавирусқа қарсы вакцина егілді

Шығыс Қазақстан облысында коронавирусқа қарсы вакцина егудің екінші кезеңі жүргізілуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Вакцинацияның екінші кезеңі 4 наурызда басталған. Қазіргі уақытта 3114 адамға вакцина егілді. Дәрігерлерден кейін құқық қорғау органдарының өкілдері, мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер мен журналистер егіледі. Бүгінгі таңда өңірге 10 мыңнан астам доза жеткізілген. 1 сәуірге дейін тағы 11 200 доза сатып алу жоспарланып отыр. 

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің айтуынша, тәулігіне вирус жұқтыру жағдайлары 20-дан аспайды. Жалпы пандемия басталғалы бері Шығыс Қазақстан облысында 22 мыңнан астам адам СOVID-19 инфекциясына шалдыққан. 

«Орынбасарым Шәкәрім Бұқтұғұтовқа он күн ішінде толықтай вакцинацияға дайындық туралы, термоконтейнерлер мен мұздатқыштардың саны жайлы есеп беруді тапсырамын. Сондай-ақ жағдайды талдап, күзде тұмауға қарсы қанша вакцина сатып алу керектігін анықтау қажет», - деді облыс әкімі. 

Айта кетейік, иммундық плазманы дұрыс сақтауды қамтамасыз ету үшін Өскемен мен Семей қалаларындағы екі қан орталығына 20 мұздатқыш алынған.