24 қар, 2022 сағат 15:08

ШҚО-да тұрғындар наразылығын туғызған шошқа фермасына қатысты сот үкімі шықты


Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласы мен Глубокое ауданы Степное, Шмелев Лог ауылдары халқының наразылығын туғызған шошқа фермасына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тұрғындардың шағымынан соң шошқа фермасына тексеру жүргізілген. Соның нәтижесінде, бірқатар заңбұзушылық анықталды.

«Атап айтқанда, «Родничок» шаруа қожалығына тиесілі шошқа фермасы Шмелев Лог және Лесхоз ауылдарында жұмыс істеуге қажетті экологиялық рұқсат қағаздарын рәсімдемеген. Шошқа қалдықтары ашық жерге тасталуы салдарынан топырақ жамылғысы ластанды. Соған орай департамент ферма иесіне айыппұл салып, кемшіліктерді түзетуге уақыт берді. Алайда одан еш нәтиже шыққан жоқ», - делінген ақпаратта.

Осыдан соң іс Өскемен қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында қаралды. Сот шошқа фермасын жабу туралы шешім шығарды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.