15 нау, 2021 сағат 12:58

ШҚО полицейлері ұрланған бір үйір жылқыны иесіне қайтарды

Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері ұрланған бір үйір жылқыны иесіне қайтарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Жарма аудандық полиция бөліміне келген Белтерек ауылындағы шаруа қожалығының 27 жастағы басшысы қаңтар айының ортасында бір үйір жылқысының жоғалып кеткендігі туралы арыз жазған. Анықталғандай, еркін жайылымнан 24 бас мал ұрланған. 

«Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде 15 күннің ішінде бір үйір жылқы иесіне қайтарылды. Мал иесі өз кезегінде полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Осы ретте, департамент өкілдері мал ұрлығының негізгі себебі малдарын жайылымға қараусыз жіберетін иелерінің салғырттығы екендігін атап өтті. Иесіз жайылып жүрген төрт түлік барымташылар үшін оңай олжа. Сонымен қатар қараусыз мал жол-көлік оқиғаларына да себепші болып жатады.