03 жел, 2022 сағат 14:03

Шуда тұрғын үйден өрт шығып, екі бала қаза тапты


Жамбыл облысы Шу қаласындағы жеке тұрғын үйден өрт шықты. Оқиға орнынан екі баланың мәйіті табылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, өрт кезінде балалар үйде жалғыз қалған.

"2 желтоқсан сағат 23.55-те Шу ауданының Шу қаласындағы жеке тұрғын үйден өрт (тұрмыстық заттар мен жиһаздар өртенген) шықты. Оқиға орнынан 2017 және 2020 жылы туған екі баланың мәйіті табылды. 

Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру қызметінің күштері жалынды сағат 00:10-да оқшаулап, сағат 00:35-те сөндірді", - деді Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері.

Министрлік өкілдерінің мәліметінше, бірінші бөлімше өрт орнына сағат 23-58-де, яғни хабарлама келген соң 3 минуттан кейін жеткен.

"Алдын ала мәлімет бойынша, қайтыс болған балалардың анасы - 1989 жылы туған азаматша балаларды үйіне қалдырып, есікті сыртынан жауып кеткен.

Айта кету керек, бұл үйде профилактикалық жұмыс 2022 жылдың 22 қазанында жүргізілді. Өрт сөндірушілер рейдтік іс-шаралар барысында осы үйге барып, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді", - делінген хабарламада.

Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлігі "өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс шеңберінде тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.