25 нау, 2021 сағат 14:39

Шығыс Қазақстандағы «Қызыл ту» мұз өткелі жабылды

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы «Қызыл ту» мұз өткелі жабылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 25 наурыздан бастап «Қызыл ту» мұз өткелі барлық көліктер үшін жабық. 

Мамандар Бұқтырма су қоймасының бетіндегі мұздың жұқарғанын анықтаған. 

«Өткелдің жабылуына байланысты екі жағалауға постар қойылып, тыйым салатын жол белгілері орнатылды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Осы ретте департамент мамандары күннің күрт жылынуына байланысты көшкін жүру қаупі артқанын ескертіп, өңір жұртшылығына таулы аймақтарға бармауға кеңес береді. 

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Күршім мен Көкпекті аудандарының арасын жалғайтын «Қызыл ту» өткелінде көпір құрылысы жүргізіліп жатыр. 

Биыл осы мақсатқа облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген болатын.