30 нау, 2023 сағат 12:37

Шымкент қаласының әкімі жалақысы қанша екенін айтты

Видеодан алынған кадр

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қанша жалақы алатыны белгілі болды. Бұл туралы ол журналист Асхат Ниязовтың "Обожаю" YouTube-арнасындағы сұхбатта айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Massaget.kz порталына сілтеме жасап.

"Менің жалақым - 1 миллион 800 мың теңге", - деп жауап берді әкім. 

Кейін Әйтенов қала тұрғындарының орташа жалақысына тоқталды.

"Қала тұрғындарының орташа жалақысы - 234 мың теңге", - дейді Әйтенов. 

Шаһар басшысы жалақысының көп болу себебін де түсіндірген. 

"Мен бүкіл қалаға жауап беремін. Күніне "600 миллиард" шешім қабылдаймын. Мен "баспен жауап беретін" шешімдер қабылдаймын. Кез келген мәселе туындаса кім жауап береді? Әкім. Мен ұлттық компанияға орналасып, 5-10 миллион теңге жалақы ала аламын. Маған өз халқыма қызмет етуге мүмкіндік берілді. Сол қызметті атқарып отырмын", - дейді әкім. 

Сонымен қатар, Мұрат Әйтенов Шымкентте қызметтік пәтерде тұратынын, ал Астанада баспанасы бар екенін айтады.